Әрбір баланың сапалы білім алуға толық құқығы бар. Бұл құқық Қазақстан Республикасының заңнамасында нақты бекітілген және әр баланың қоғам үшін маңызы зор екенін, оның қабілетін ашуға және әлеуетін дамытуға мүмкіндік берілуі тиіс екенін айқындайды.
Инклюзивті білім және ұлттық білім
Инклюзивті білім беру ерекше білімді қажет ететін балалардың тек мектепке бару мүмкіндігімен шектелмейтін, әлдеқайда кең ұғым. Ол – әр баланың жеке ерекшелігін құрметтеу, алуан түрлілікті құндылық ретінде қабылдау және білім беру үдерісін баланың мүмкіндігі мен қажеттілігіне бейімдеу.
Қазіргі таңда инклюзивті білім беру барлық балаларға, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да, сапалы білім алуға тең және әділ мүмкіндік ұсынады. Бұл үдерісте кез келген кедергілерге, шеттету мен кемсітулерге жол берілмейді, ал басты назар баланың дамуы мен әлеуметтенуіне аударылады.
Инклюзивті білім беру ұлттық білім беру саясатының стратегиялық маңызды бағыты болып табылады. Мемлекет әр баланың өз қатарластарымен бірге білім алуына, қажетті қолдау алуына және қоғамда өз орнын табуына жан-жақты жағдай жасауға басымдық береді.
Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы осы бағыттағы жұмысты жүйелі, мақсатты және кешенді түрде жүзеге асырып келеді. Орталық білім беру ұйымдарына ғылыми-әдістемелік, диагностикалық және кадрлық қолдау көрсетіп, педагогтердің кәсіби дамуына арналған заманауи бағдарламалар әзірлейді, біліктілікті арттыру курстарын, семинарлар мен кеңес беру алаңдарын ұйымдастырады.
Орталық үшін арнайы және инклюзивті білім беру әрдайым басым әрі стратегиялық бағыт болып табылады. Командадағы әрбір маман балалардың дамуына қолайлы, қауіпсіз және қолдаушы орта қалыптастыруға, олардың өзін білім беру үдерісінің толыққанды әрі тең қатысушысы ретінде сезінуіне күн сайын күш салады.
Әр бала білім алуға құқылы
Инклюзивті білім беру – бұл тек ғимараттардың қолжетімділігі немесе пандустардың болуы ғана емес, сонымен қатар психологиялық-педагогикалық қолдау, бейімделген оқу бағдарламалары, оқытудың икемді тәсілдері, жеке сүйемелдеу және ата-аналармен серіктестікке негізделген кешенді жұмыс.
Орталық республика көлеміндегі білім беру ұйымдарымен тығыз әрі тұрақты ынтымақтастық орнатып, әдістемелік қолдауды күшейтеді, ғылыми зерттеулерге белсенді қатысады және озық халықаралық тәжірибелерді енгізуге атсалысады. Бұл жұмыстар кедергісіз білім беру ортасын қалыптастыруға және педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған. Соның нәтижесінде әр бала өзін маңызды, бағалы және өз ісінде табысты сезіне алады.
Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыс өз жалғасын табады. Ұлттық орталық еліміздегі әрбір баланың тең әрі қолжетімді білім алу құқығын қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндікті пайдалануға дайын. Орталық қызметкерлері өз жауапкершілігін терең сезініп, әр баланың қабілетін ашуға, жан-жақты дамуына және болашаққа сеніммен қадам басуына жағдай жасауға бар күш-жігерін жұмсайды.
Зәуре ЖАНГЕЛДИНОВА, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директорының міндетін атқарушы

