Бүгін ҚР Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауал жолдап, Қазақстан теміржолындағы жүйелі дағдарыс пен басқарудағы олқылықтарыдың не себепті орынанын жіпке тізгендей қылып айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
10 желтоқсанда «Мойынты – Шығанақ» учаскесінде жүк пойызы жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқан жол бригадасын қағып кетті. Төтенше тежеу қолданылғанымен, төрт теміржолшы қаза тапқанын көпшілік жақсы біледі. Бұл оқиға қауіпсіздік техникасы, жұмыс ұйымдастыру және бақылау тетіктері қағаз жүзінде ғана қалғанын көрсетті.
Дәл осы оқиғаның ізін ала Алматы-2 вокзалында тағы бір ауыр жағдай тіркелген. Жеке тасымалдаушыға тиесілі вагонда түсірілім кезінде 50-ден астам адам көмірқышқыл газынан уланыпты. Уланғандардың арасында балалар да бар. Дәл осыған байланысты көптеген сұрақтарға ҚТЖ әлі жауап бермеген.
Депутаттың айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында жүйелі дағдарыс қалыптасқан. Желі шамадан тыс жүктелген, пойыздар мен вагондар нормадан тыс жиналып қалу әдетке айналған. Сол сияқты өтінімдерді келісу барысы түсініксіз. Қытай мен Өзбекстан бағытындағы жоспарлар себепсіз қысқартылған. Кейбір клиенттерге ғана рұқсат берілуі сұрақты көбейтуде. Қосымша өтінімдер қаралмаған соң, елімізде өндірістер тоқтап, бизнес шығынға батып жатқанын депутат ащына жеткізді.
Шетелден бос вагондарды қайтара алмау, әсіресе егін жинау маусымында жағдайды күрделендіре түсірген. Қанша инвестиция салынса да темір жолдың өткізу қабілеті көтерілмеуде. Бұған қатысты кемшіліктер басқару ісіндегі олқылықтардан туындап отырғанын аңғартады.
Осыған байланысты депутат Үкіметтен тасымал жоспарларын қысқартуға, өтінімдерді кешіктіруге, вагондарды белгілеудегі заңбұзушылықтарға қатысты қызметтік тексеру жүргізуді талап етті. Сонымен қатар теміржолдағы қауіпсіздік жүйесіне толық баға беріп, оның нәтижесін Мәжіліске ұсынуды сұрады.

