Қазақстандық PBC Astana командасы Games of the Future Abu Dhabi 2025 халықаралық турнирі аясындағы Phygital Basketball 3×3 дисциплинасы бойынша жартылай финалға жолдама алды. Команда тартысты өткен матчтың соңғы сәттерінде FlashBasket ұжымын 27:25 есебімен жеңді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұған дейін топтық кезеңде PBC Astana Bad Boys командасын айқын басымдықпен 39:24 есебімен ұтып, турнирдегі ойынын жоғары қарқынмен бастап, көшбасшылар қатарына бірден қосылған. Сонымен қатар команда күрделі қарсыласқа да тап болды. Олар Moskowsky ұжымынан 23:40 есебімен жеңіліп, одан сабақ алып, шешуші ойындар алдында тактикалық тұрғыда қайта жинақталды.
Плей-офф кезеңінде PBC Astana Derventa Esports Umbrella командасын 39:26 есебімен жеңіп, ширек финалға шықты және Phygital Basketball 3on3 FreeStyle дисциплинасында жүлдеге басты үміткерлердің бірі екенін сенімді түрде дәлелдеді. Ал FlashBasket командасын 27:25 есебімен жеңу жартылай финалға жол ашты.
Фиджитал-баскетбол — гибридті форматтағы спорт түрі. Мұнда командалар алдымен баскетбол симуляторы бойынша бейнеойында бақ сынап, кейін нақты 3×3 алаңында ойынды жалғастырады. Қорытынды нәтиже цифрлық және физикалық кезеңдердің жиынтығы арқылы анықталады. Бұл ойыншылардан киберспорттық дағдыларды, тактикалық ойлауды, физикалық төзімділікті және жоғары деңгейдегі командалық үйлесімділікті талап етеді.

Games of the Future Abu Dhabi 2025 — фиджитал-дисциплиналар бойынша өтетін халықаралық турнир. Жалпы жүлде қоры шамамен 5 миллион АҚШ долларын құрайды және фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол секілді он бір бағыт арасында бөлінеді. 3×3 фиджитал-баскетболының жүлде қоры 400 мың АҚШ долларын құрап, командалар арасындағы бәсекені одан әрі күшейтеді.
Абу-Дабидегі фиджитал-баскетбол турнирінің жеңімпаздары беделді кубокты иеленіп, жүлде қорын бөліседі және 2026 жылы Астанада өтетін Games of the Future турниріне қатысу құқығына ие болады.
Қазақстан үшін бұл киберспорт пен дәстүрлі спортты біріктіретін фиджитал-қозғалысты дамытудағы маңызды қадам. Ал PBC Astana командасының Абу-Дабидегі сәтті өнер көрсетуі Қазақстанның жаңа спорт форматының жетекші елдерінің бірі ретіндегі позициясын нығайта түсуде.

