Қазақстан мен Ресей басшылары Петербордағы дәстүрлі кездесуде екіжақты әріптестік пен Еуразиялық одақ аясындағы маңызды мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кездесуде сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, күн тәртібі мазмұнды әрі нәтижелі болған.
«ЕАЭО шеңберінде көптеген өзекті мәселелерді талқылап, бірқатар шешім қабылдадық. Сондай-ақ ТМД аясында да маңызды сұрақтар қаралды. Бүгінде ТМД беделді әрі қажетті халықаралық ұйымға айналды», – деді Қазақстан президенті.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынасқа да ерекше тоқталды. Тоқаев 2025 жылды екіжақты ынтымақтастық үшін табысты жыл ретінде бағалап, екі ел арасындағы әріптестік жоғары деңгейде дамығанын атап өтті. 12 қарашадағы Ресейге мемлекеттік сапары осы байланыстың нығая түскенін дәлелдеді. Президент қазақстандық делегацияға көрсеткен жылы қабылдауы үшін Ресей тарапына алғыс білдірді.
«Қазақстан үшін Ресеймен одақтастық қарым-қатынас стратегиялық маңызды бағыт. Біз екі ел азаматтарының күнделікті өміріне қатысты барлық мәселеде бірлесіп әрекет етуге міндеттіміз. Бұл халықтарымыздың түпкі мүддесіне сай келетін қадам», – деді Тоқаев.
Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын айтып, күн тәртібінде шешімін таппаған даулы мәселелердің жоқтығын атап өтті.
Осыған дейін президент Тоқаев Еуразиялық одақтың болашақ бағытын айқындап, өз позициясын білдірген болатын.

