Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин арнайы салық режимдері мен салық шегерімдерін қайта қараудың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, мемлекет арнайы салық режимдерін бизнестің дамуына жол ашатын баспалдақ ретінде енгізген.
Алғашында кәсіпкерлер еш қиындықсыз, есеп-қисапсыз жұмыс істей алатын өзін-өзі жұмыспен қамту кезеңінен өтеді. Одан соң жеңілдетілген декларацияға ауысып, кейін салықтың барлық түрін төлейтін жалпыға бірдей режимге өтуі керек еді. Алайда іс жүзінде бұл тетік дұрыс жұмыс істемеді.
«Жеңілдетілген декларация режимі мен арнайы салық режимдері бизнестің сапалы дамуына жағдай жасау үшін енгізілген болатын.
Бірақ бұл механизмдерді дұрыс қолданбаудың салдарынан біз салықтық офшор қалыптастырып алдық.
Яғни бизнес өсу кезеңінен өтудің орнына, жылдар бойы «жеңілдетілген режимде» қалып, бөлшектеніп, салықты айналып өтуді әдетке айналдырды», – деді Жұманғарин.
Министр осы себептен арнайы салық режимдерінің бастапқы логикасы өзгеріп кеткенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет экономикаға пайда әкелмейтін осындай олқылықтарды жою мақсатында арнайы салық режимдерін қайта қарауға мәжбүр болған.
Бұған дейін Жұманғарин өзін «салық реформасының әкесі» атаған болатын.

