«Азаматтарға арналған үкімет» бірқатар қызмет түрін ақылы негізге көшіріп, кейбір сервистерді тізімнен алып тастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Енді коммерциялық қызметтердің қатарына байланыс орталығының сервистері қосылды. Оның ішінде мемлекеттік органдарға ақылы түрде байланыс орталығы қызметін ұсыну, техникалық сүйемелдеумен бірге 1414 нөміріне қолжетімділік беру және қоңырауларды қабылдау жүйесіне қосу бар.
Сонымен бірге біраз консультациялық қызметтер алынып тасталды.
Мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы дауыс және мәтін арқылы кеңес беру, бейнеқоңыраумен қызмет көрсету, сондай-ақ биометриялық сәйкестендіруден өтпеген қолданушыларды модерациялау тоқтатылды.
Кейбір қызметтердің сипаттамасы жаңаша жазылған. Олар техникалық қолдау бойынша өтінімдерді тіркеумен бірге кеңес беру, «Үйге шақыру» қызметі және «шағым» мен «пікір» санатындағы өтініштерді қабылдау түрінде болады.
Аталған бұйрық 23 желтоқсаннан бастап күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін ХҚКО-лар азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметін көрсетуді тоқтатқан болатын. Қазір тіркеу толықтай eGov.kz және eGov Mobile арқылы онлайн форматқа көшті. Баспана иелерінің келісімі 1414 нөмірінен SMS түрінде жіберіледі.

