Биыл алғаш рет елімізде Samsung брендімен тұрмыстық техника өндіру жолға қойылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қарағанды облысының Сарань қаласында орналасқан Silk Road Electronics зауытында теледидарлар мен кір жуғыш машиналардың сериялық өндірісі ресми түрде іске қосылды.
Бұл жоба мемлекеттің, инвесторлардың және жеке бизнестің бірлескен еңбегінің нәтижесі әрі отандық машина жасау саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадам.
Өндірістің жаңа тынысы
Зауыттың іске қосылуы өңір экономикасына тікелей әсер етіп отыр. Қазірдің өзінде кәсіпорында 1 100-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл нәтиже Сарань қаласы үшін ғана емес, бүкіл Қарағанды облысы үшін маңызды көрсеткіш.

Жаңа өндіріс жергілікті кадрларды оқытып, технологиялық мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Кәсіпорында Samsung кір жуғыш машиналары SmartThings экожүйесін қолдай отырып шығарыла бастады. Сонымен қатар жоғары айқындықтағы Smart TV функциясы бар теледидарлар – Crystal UHD 4K, FHD және HD модельдері өндірілуде.
Бұл өнімдер заманауи талаптарға толық сай келеді. Алдағы уақытта QLED сериясындағы теледидарларды шығару да жоспарланып отыр, бұл зауыттың технологиялық әлеуеті әлі де кеңейе түсетінін көрсетеді.
Технология және жергілікті мазмұн
Silk Road Electronics зауытының өндірістік қуаты жылына 150 мың теледидар мен 200 мың кір жуғыш машина шығаруға мүмкіндік береді. Сериялық өндіріс басталғалы бері 42 мыңнан астам техника бірлігі дайындалған.
Бұл өнімдердің ішінде жасанды интеллект элементтері бар модельдер де, сондай-ақ пайдаланушы интерфейсі қазақ тілінде бейімделген нұсқалар да бар. Мұның өзі отандық тұтынушыға ыңғайлы өнім ұсынуға деген көзқарастың өзгергенін аңғартады.
Тағы бір маңызды жайт зауытта 2026 модельдік жылғы теледидарлар өндірісі басталып кеткен. Бұл кәсіпорынның Samsung компаниясының халықаралық стандарттарына толық сай екенін және жоғары технологиялық дайындық деңгейін көрсетеді.
Яғни, Қазақстандағы зауыт тек құрастырумен шектелмей, жаңа буын өнімдерін шығаруға қабілетті екенін дәлелдеді.
Жалпы алғанда, Samsung техникасының Қазақстанда өндіріле бастауы импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге жол ашады. Сонымен бірге бұл жоба машина жасау саласына инвестиция тартудың, жаңа технологияларды игерудің және білікті жұмыс орындарын құрудың нақты үлгісіне айналып отыр.

