Ақтөбеде әкімдіктің бұрынғы қызметкері Жандос Әлімов сот алдында жауап беруде. Оған мемлекет тұрғын үйін заңсыз үлестіріп, қызмет өкілетін асыра пайдаланды деген айып тағылған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Диапазон дерегінше 2021 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың қаңтары аралығында Жандос Әлімов қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімін басқарған. Тергеу дерегінше, ол пәтерлерді өзінің туыстарына, жерлестері мен бөлім қызметкерлеріне заңсыз жекешелендіруге жол ашып берген.
Айыптау тарапының тұжырымы бойынша, Әлімов комиссия құрамына әкімдік аппаратының заңгерін әдейі қоспаған. Себебі заңгер заңсыз шешімдерге қарсы шығып, кедергі келтіруі мүмкін еді. Бастапқыда тұрғын үйлер шын мұқтаждарға әділ үлестірілгендіктен, бөлім басшысы комиссия мүшелерінің сеніміне ие болған. Кейін бұл тәртіп бұзылып, күмәнді шешімдер қабылдана бастаған.
Тергеу барысында мемлекетке келтірілген шығын көлемі 48 миллион теңгеге жеткені анықталды.
Әлімов өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Адвокаттары соттан қамауда ұстауды үйқамаққа немесе кепілге ауыстыруды сұрады. Олар сотталушының бес баласы барын, кенжесі биыл ғана дүниеге келгенін алға тартқан. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Қорғаушылар судьяға сенімсіздік білдіріп, оны ауыстыруды талап етті. Бұл өтініш те қабылданбады. Қазір сот процесі жалғасуда. Ал заңсыз жекешеленді деген пәтерлердің барлығына сот шешімімен тыйым салынған.
Жалпы Ақтөбеде соңғы кездері проблема көп. Бұған дейін Ertenmedia «Kaspi арқылы пара алудың ақтөбелік үлгісі» туралы жазған еді. Шалқар ауданында әкімдіктің лауазымды қызметкері пара алды деген айыппен сот алдында жауап берген.

