Ел жүрегінде мәңгі сақталған «Менің атым Қожа» фильмінде басты кейіпкер Қожаның рөлін сомдаған әйгілі актер, сценарист әрі кинодраматург Нұрлан Санжарұлы Сегізбаев өмірден өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Нұрлан Санжарұлының есімі ұлттық кино тарихында өшпестей болып жазылған. Ол 1951 жылы Алматыда дүниеге келді. Әсіресе, бала күнінде сомдаған Қожа рөлі қазақ көрерменінің санасында терең із қалдырды.
Қожа бейнесі арқылы халықтың сүйікті актеріне айналды. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, сондай-ақ Кинематографистер одағының мүшесі ретінде ел руханияты мен мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді.
Марқұмның қайтыс болуына байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі оның отбасы мен туған-туыстарына, сондай-ақ барша халыққа көңіл айтты.
«Нурлан Сегізбаев қазақ мәдениетінің көрнекті тұлғаларының бірі. Ол ғұмырын өнерге арнап, ұлттық кинематографияға үлкен үлес қосты. Оның сомдаған рөлдері өнерсүйер қауымның көңілінде ерекше орын алды. Әсіресе, Абдолла Қарсақбаевтың классикалық туындысы саналатын «Менің атым Қожа» фильміндегі кейіпкері арқылы қазақ киносының дара тұлғасына айналды. Оның шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыры халық жадында мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», – делінген министрлік таратқан хабарламада.
Биыл Түркістан қаласында Қостанай театры «Менің атым Қожа» қойылымын сахналаған болатын.

