Қазақ сахнасына тән балалық тазалық пен шынайылық Түркістан төрінде қайта жаңғырып, көрерменге ерекше әсер сыйлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының 25 жылдық мерейтойына арналған гастрольдік сапары аясында Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарына Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» спектаклі ұсынылды. Қойылым Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды драма театрының сахнасында өтті.
Көрермендер спектакльді зор ықыласпен қабылдап, жас актерлердің шынайы ойынына ерекше ризашылық білдірді. Қазақ балалар әдебиетінің алтын қорына енген шығарма сахнада жаңа тыныс алып, Қожа бейнесі арқылы балалықтың аңғал әлемі, арман мен шындықтың арасындағы ішкі тартыс терең жеткізілді. Қойылым тек жас көрерменге емес, ересек аудиторияға да ой салатын дүниеге айналды.
Спектакльдің режиссері – жас режиссер Ералхан Мырзахмет. Оның заманауи режиссерлік шешімдері классикалық туындыны бүгінгі көрерменге жақындатып, шығарманың мазмұнын жаңаша қырынан ашуға мүмкіндік берген. Осы арқылы қойылым дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімін көрсеткен сахналық жұмыс ретінде бағаланды.
Жалпы гастрольдік сапар аясындағы бұл қойылым өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, қазақ театрының классикалық мұрасын жаңа буынға жеткізудің жарқын үлгісіне айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







