Қазақстанда банк депозиттерінің сыйақы мөлшерлемесі соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары деңгейге жетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық банктің мәліметіне қарағанда, қараша айында жеке тұлғалардың теңгедегі депозитінің орташа мөлшерлемесі 14,8 пайызға дейін өскен. Бұл 2023 жылдың желтоқсанынан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Былтыр қарашада орташа сыйақы көлемі 13,2 пайыз еді.
Биылғы жыл басынан бері пайыздық мөлшерлемелер үздіксіз өскен, әсіресе соңғы төрт айдағы өсім анық байқалып отыр.
Халық арасында қысқа мерзімді депозиттер үлкен сұранысқа ие. Бір айдан үш айға дейінгі салымдардың сыйақысы 16,6 пайызға жетіп, бірнеше жылдық рекордты жаңартты. Бір айға дейінгі депозиттер бойынша орташа сыйақы 16,1 пайызды, үш айдан бір жылға дейінгілері 14,6 пайызды құрады .
Ұзақ мерзімді депозиттердің табыстылығы бұдан төмендеу. Мысалы, бес жылға дейінгі депозиттер үшін орташа сыйақы көлемі 14,2 пайыздан аспайды. Шетел валютасындағы салымдар бұрынғыша төмен табысты болып тұр орташа ставка былтырғыдай 0,9 пайыз деңгейінде сақталған.
Кәсіпорындар мен бизнес үшін де депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер артқан. Заңды тұлғалардың депозиттері бойынша орташа сыйақы бір жыл ішінде 13,2 пайыздан 16,8 пайызға дейін көтерілді. Ең жоғары мөлшерлемелер бір айға дейінгі қысқа мерзімді салымдарда – 17 пайыз шамасында белгіленген.
Ақша қайда сүрленіп жатыр?
Жалпы, қараша соңындағы жағдай бойынша банк жүйесіндегі депозиттердің жалпы көлемі 26,5 триллион теңгені құрады. Бір айда депозиттер көлемі 0,53 пайызға немесе 141 млрд теңгеге азайған. Бұл ең алдымен ағымдағы және мерзімсіз шоттардағы қаражаттың кетуімен байланысты.
Дегенмен жинақ депозиттерінің көлемі 3,31 пайызға артып, 4 триллион теңгеден асты. Жыл басынан бергі өсім 51,65 пайызды құрады.
Негізгі қаражат ағыны валюталық депозиттерден байқалды. Шетел валютасындағы салымдар бір айда 1,9 пайызға төмендеп, теңгедегі депозиттер керісінше 0,13 пайызға өскен. Осылайша валюталық депозиттердің үлесі жалпы салымдар ішінде 22,7 пайызға дейін азайды.
Бұған дейін бас банкир Тимур Сүлейменов базалық ставкіні төмендетпеуге уәде берген.

