Қазақстан экономикасына рубль тасқынынан келетін қауіпті тек саяси шешіммен ғана тоқтатуға болады. Әйтпесе бұл жағдай халықтың тұрмысына кері әсер етіп, жинақтарының құнсыздануына әкеледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экономист Марат Әбдірахмановтың пікірінше, соңғы кездегі теңгенің нығаюы Қазақстан нарығына рубльдің өте көп көлемде ағылуымен байланысты. Санкцияға түскен рубль бүгінде толық конвертацияланбайтын валютаға айналғанымен, елге кіруі тоқтамай отыр.
«Қазақстанға күнделікті кіретін импорт көлемі бұрын 200–250 млн доллар болса, қазір ол 300–350 млн долларға дейін өсіп кетті. Сауда операциялары арқылы сыртқа доллар шығып, оның орнына ел ішінде рубль қалып жатыр. Бұрын Ресейдің Орталық банкі арқылы рубльді долларға ауыстыратын мемлекетаралық клиринг жүйесі жұмыс істейтін. Бірақ 2025 жылы бұл механизм істен шықты», – дейді Әбдірахманов.
Оның айтуынша, рубльдің қазіргі курсы нарықтың заңына бағынбай, жасанды түрде ұсталып тұр. Соның кесірінен теңгенің нақты бағамы 508 деңгейінде болғанымен, нарықтағы тауарлардың бағасы 620 теңгелік бағаммен есептелген күйі қалып қойған.
«Рубльдің ұсынысы шамадан тыс артып кеткен. Мысалы, 29 желтоқсандағы биржада доллар бойынша ешқандай сауда жасалмады, тек рубльмен ғана мәмілелер жүрді», – деп атап өтті экономист.
Санкцияның сұлбасы көріне ме?
Әбдірахманов қазіргі схемалар сақтала берсе, Қазақстанның банктері келесі санкция толқынына ілінуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Сценарий іске асса, теңгенің бағамы бірден құлдырап, азаматтардың қаржы жинағы айтарлықтай құнсызданады.
Экономист рубльді Қазақстан аумағында конвертациялауды тоқтату үшін тез арада саяси шешім қабылдау қажеттігін айтады.
Бұған дейін тағы бір экономист Рахымбек Әбдірахманов дәл осылай дабыл қаққан еді. Айтуынша, Астана мен Мәскеудің экономикалық байланысы тым күшейіп кеткен. Оның дәлелі Қазақстандағы жаппай рубльдену процесі.
Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылы Қазақстан экономикасындағы рубль айналымы 174 млрд теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,3 трлн теңгеге жеткен.
Ресей ақшасының көлемі қазақтар күнделікті қолма-қол ұстап, сауда-саттықта қолданып жүрген теңге көлемінен екі есе асып кеткен.
Өз кезегінде белгілі қаржыгер Алмас Шөкин «Қазақстанды ауыр қыс күтіп тұр» деп болжаған болатын. Жаңарған салық саясаты, қымбат несие және сарқыла бастаған бюджет халықтың тұрмыс сапасын төмендетіп, онсыз да жұқарған жүйкеге салмақ салмақшы.

