Қазақстан банктері депозит бойынша пайыздық мөлшерлемені көтеруде. Бұған Ұлттық банктің ақша-несие саясаты әсер етіп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) мәліметінше, әр банк депозиттің пайыздық мөлшерін ішкі саясатына сәйкес өзі белгілейді. Шешім қабылдауда Ұлттық банктің базалық ставкасы, нарықтағы жағдай және халықтың салымын тарту қажеттілігі басты рөл атқарады.
30 желтоқсан 2025 жылғы жағдай бойынша депозит нарығының бірнеше сегментінде пайыздық ставкалардың едәуір өскені байқалған. Әсіресе мерзімді және жинақ салымдары бойынша ставкалар айтарлықтай артқан.
Қазір банктер бұл депозиттерге 20–20,5 пайыз аралығында ең жоғарғы сыйақы ұсынып отыр. Мұндай жоғары пайыз көбіне қысқа мерзімге (3–6 ай) ашылған депозиттерге берілуде.
ҚДКБҚ дерегіне сәйкес, банктер ақшаны мерзімінен бұрын алуға немесе толықтыруға шектеу қойған депозиттер үшін жоғары сыйақы беруге әзір. Себебі мұндай депозит қаржылық тұрақтылықты нығайтады және банктің ақша айналымын болжамды етеді.
Ең танымал және кең тараған депозит түрі қандай?
Ең кең тараған өнім ақшаны қалаған уақытта шешіп алуға немесе толықтырып отыруға мүмкіндік беретін депозит. Жыл басында олардың максималды пайызы 15 пайыз шамасында болса, желтоқсан айында 16,9 пайызға жеткен. Ұлттық банк базалық ставканы 15,25 пайыздан 18 пайызға көтергеннен кейін, банктер де осы сегментте пайызды көтеруге кіріскен.
Орташа нарықтық көрсеткіш жыл ішінде 1,1 пайызға өсіп, 15,3 пайызды құрады. Осындай депозитті ұсынатын банктер саны да артып, 16-дан 18-ге жетті.
Мерзімді салымдар бойынша да белсенділік күшейді. Мұндай депозит ұсынатын банктердің саны 4-тен 7-ге артқан, ал максималды пайыз жыл басындағы 16,7 пайыздан жыл соңына қарай 20 пайызға дейін көтерілді.
Жинақ салымдары сегментінде де жоғары динамика тіркелді. Толықтыруға рұқсат бермейтін жинақ депозиттерінің ең жоғары сыйақысы 18,5 пайыздан 20,5 пайызға дейін өсті. Жыл соңына қарай жалпы алғанда 11 банк депозиттердің түрлі түріне 20 пайыздық кіріс ұсынып отыр.
Алайда бір кілтипан бар…
ҚДКБҚ салымшыларға депозит таңдауда тек жоғары пайызға ғана емес, шарттарға да назар аударуға кеңес береді. Депозитті толықтыру мүмкіндігіне, қаржыны мерзімінен бұрын алу немесе ішінара шешу шартына мән берген жөн. Сондай-ақ банктің қаржылық тұрақтылығы да маңызды. Сонымен қатар ҚДКБҚ кепілдендірілген төлем мөлшерін еске салды:
-
Теңгемен ашылған жинақ депозиттеріне 20 миллион теңгеге дейін;
-
Басқа теңгелік депозиттерге 10 миллион теңгеге дейін;
-
Шетел валютасындағы депозиттерге 5 миллион теңгеге дейін.
Егер салымшының бір банкте бірнеше депозиті болса, өтемақы жалпы алғанда 20 миллион теңгеден аспауы тиіс. Бұған дейін бізге пікір білдірген танымал қаржыгер Тимур Турлов дәл қазір теңгенің позициясы мықты екенін айтқан. «Доллармен ойнамай, депозитпен ұтыңыздар», — деген еді ол.

