Жаңа жыл түні тек Астананың өзінде 22 сәби дүние есігін ашты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Елордада мереке түнінде туған сәбилердің 11-і ұл, 11-і қыз бала. Дәрігерлер егіз немесе үшемдер дүниеге келмегенін айтты.
ДенСауминнің мәліметінше, жалпы республика бойынша жаңа жыл түні 254 нәресте өмірге келген. Олардың арасында ұлдар мен қыздардың саны бірдей.
Елімізде жалғыз егіз Ақтөбе облысында дүниеге келіпті. Жаңа жылда сәбилер саны бойынша Түркістан облысы алда тұр. Бұл өңірде бір түнде 29 нәресте туған. Одан кейінгі орында Шымкент қаласы – 24 сәби. Астана қаласы – 22, Алматыда – 21 бала өмірге келген.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылы ата-аналар арасында ең танымал есімдердің рейтингі жарияланған болатын.
Ұл балаларға Мұхаммед есімі жиі қойылса, қыздар арасында Айлин есімі көш бастаған. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, былтырғы тізіммен салыстырғанда биылғы көшбасшылар өзгермеген.
Бұған дейін біз 2026 жылы қазақтарды күтіп тұрған тосын өзгерістерге шолу жасаған едік.

