Қазақстанда педагог құқығын қорғау және кәсіби этика талаптарын сақтау мәселесі әлі де өткір тұр.
Былтыр еліміздің білім сапасын қамтамасыз ету департаменттері бірнеше рет заңбұзушылық фактісін анықтаған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің мәліметіне сай, 2025 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңның 6-бабын бұзудың 17 дерегі тіркелген. Әрбір жағдай бойынша заң шеңберінде тиісті әкімшілік шара қолданылған. Бұл бап педагогтердің кәсіби құқығын қорғап, қызметіне заңсыз араласуды болдырмауды көздейді.
Комитет өкілдері әсіресе педагогикалық этика нормаларын сақтауға ерекше мән берілгенін атап өтті. Былтыр аумақтық департаменттердің жанындағы Педагогикалық әдеп кеңесіне осы мәселеге қатысты түскен шағымдар бойынша 51 заңбұзушылық тіркелген.
Өтініштер негізінен педагогикалық ұжымның өз ішіндегі қарым-қатынасқа, сонымен бірге мұғалімдердің оқушылармен, ата-аналармен және мекеме әкімшілігімен арадағы түсініспеушіліктеріне қатысты болған.
«Педагогикалық әдеп кеңесі шығарған шешімдер ұсыныс сипатында болғанымен, бұл мәселелер еш уақытта елеусіз қалмайды. Әрбір жағдай еңбек заңнамасы аясында оқу мекемелері мен білім беру басқармаларының тікелей қарауында болды», – деп нақтылады комитет.
Нәтижесінде заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында нақты басқарушылық және кадрлық шешімдер қабылданған.
Бұған дейін сала басшысы Жұлдыз Сүлейменова педагогтарды аттестаттау тәртібіне өзгеріс енетінін хабарлаған.

