Алматы облысының Шонжы ауылы маңындағы ыстық суларға өткен жылы 250 мыңнан астам турист келген деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
24-ші арнаның дерегінше емдік қасиеті мол минералды суымен әйгілі Арасан өңіріне еліміздің әр түкпірінен ғана емес, шетелдерден де арнайы іздеп келушілер көп,
Жергілікті мамандардың айтуынша, өңірдегі ыстық сулардың тері ауруларын емдеуде шипасы зор.
Мұндағы судың құрамында адам ағзасына пайдалы 18 түрлі минерал бар. Ыстық су жер астынан 900 метр тереңдіктен шығады. Қазір Шонжы ауылы маңында 40-қа жуық демалыс орны мен сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр.
Соңғы жылдары демалыс орындарының жұмысы жанданып, туристер саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Әсіресе, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Үндістан және Индонезиядан келетін шетелдік туристердің үлесі артқан.
Демалыс кешенінің директоры Есен Темірғалиевтың айтуынша, бассейндер әр үш күн сайын тазаланып, суы толық жаңартылады. Бұл судың тазалығы мен емдік қасиетін сақтау үшін жасалған шара.
Өңірдің туристік әлеуеті артып келеді
Өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында көлік инфрақұрылымы да жетілдіріліп жатыр. Биыл Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қалжат» өткізу пункті іске қосылмақ. Мамандар осы арқылы екі ел арасындағы туристер ағыны еселеп артады деп болжап отыр.
Шонжы ауылындағы автобекет те толық жаңартудан өткен. Туристерге ыңғайлы болуы үшін су жаңа автобустар мен жеңіл көліктер сатып алынған.
Автобекет басшысы Ербол Сауытжанның сөзінше, қазір Хоргос арқылы өтетін жол 3-5 сағатқа созылады. Алдағы уақытта цифрлық технологияларды пайдалану арқылы шекарадан өту уақытын барынша қысқарту көзделген.
Одан бөлек, автобекет аумағында қонақүй, тамақтану орындары мен медициналық көмек көрсететін орталық салынып жатыр. Мұндағы мақсат туристерге кешенді әрі сапалы қызмет көрсету.
Бұған дейін біз Алматы облысының Үкіметке алақан жаймайтын деңгейге жеткенін жазған едік.

