Түркия қорғаныс өнеркәсібі авиациялық қозғалтқыш өндірісінде ірі жетістікке жетіп, жалпы сомасы 2,95 миллиард долларды құрайтын экспорттық тапсырыс алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Түркия президенті әкімшілігі жанындағы қорғаныс өнеркәсібі басқармасының басшысы Халук Гөргүн NSosyal әлеуметтік желісінде жариялаған жазба қалдырды. Ол жазбасында елдің авиациялық саласы 2025 жылды рекордтық көрсеткіштермен аяқтағанын жеткізді.
Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы ірі экспорттық табысына Türk Havacılık ve Uzay Sanayii A.Ş. (TEI) компаниясы қол жеткізіп отыр.
Гөргүн тапсырысқа алынған 2,95 миллиард долларлық келісім Түркияның авиациялық қозғалтқыш өндірісіндегі әлемдік көшбасшылардың қатарына енгенін айқын дәлелдейтінін атап өтті.
– Жаңа келісім бойынша азаматтық және әскери авиацияда кеңінен қолданылатын 22 түрлі қозғалтқыш бағдарламасына қажетті бөлшектер өндірілді. Бұдан басқа техникалық қызмет пен жөндеу жұмыстары жүзеге асырылады. Алғашқы жеткізілімдер 2026 жылдан басталады. Осы келісіммен бірге TEI компаниясының жалпы тапсырыс көлемі 8,2 миллиард долларға жетті. Бұл біздің инженерлік әлеуетіміз бен өндірістік мәдениетіміздің жаһандық деңгейде жоғары бағалануының айғағы, – деді ол.
Гөргүн бұл жетістіктің негізгі себептерінің бірі ретінде президент Режеп Тайып Ердоғанның қорғаныс пен авиация өнеркәсібін біртұтас экожүйе ретінде қарастыратын ұстанымын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, нақты қолдау механизмдері және экспортқа бағытталған стратегиялық жоспарлар нәтижесінде түрік өнеркәсібі жаһандық бәсекеге қабілетті технологияларды шығаратын орталыққа айналды.
«Осы үлкен табысқа үлес қосқан TEI ұжымына, инженерлерге, техникалық мамандар мен әріптестерімізге алғысымды білдіремін», – деді Гөргүн.
Желтоқсан айында Ердоған Стамбұл әскери-теңіз верфінде жаңа платформаларды іске қосу рәсімінде 300 метрлік авианосец құрылысы басталғанын айтқан болатын.

