Президент Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасына қатысты маңызды мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президенттің айтуынша, Қаңтардағы трагедияның негізгі картинасын қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Ол осы іске қатысты тергеудің ашық әрі объективті жүруі үшін құқық қорғау органдары азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істегенін атап өтті.
«Танымал құқық қорғаушылар басшылық еткен бірнеше қоғамдық комиссия құрылды. Соның арқасында әрбір эпизод жан-жақты әрі әділ зерделенді. Осы орайда, өз тарапымнан белсенділік танытқан азаматтарға, құқық қорғаушыларға кәсіби шеберлігі мен азаматтық ұстанымы үшін ризашылығымды білдіремін. 2022 жылдың наурыз айында Парламентте арнайы қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, конституциялық құрылымды күйретпек болған қылмыскерлердің түпкі мақсаты ашық айтылды», – деді Тоқаев.
Президент Қаңтар оқиғасына қатысты бірқатар сот процестері әлі де жалғасып жатқанын айтты. Сонымен қатар сол күндері қолды болған қаруларды іздеу де аяқталған жоқ.
«Қаңтар күндері қылмыскерлердің қолына үш мыңнан астам қару-жарақ түскен еді. Қазір оның басым көпшілігі табылып, жойылды.
Қаңтар туралы пікірталасқа қатысып жүрген кейбір азаматтар ұсақ-түйек мәселелерге көбірек мән беріп, сол арқылы халықты шынайы себептен алыстатып жүр.
Әрине, оларды бұған бола айыптауға болмайды. Бірақ эмоция ақиқатты табуға кедергі жасайды», – деді мемлекет басшысы.
Дүрбелең Алматымен шектелген жоқ
Тоқаев Алматыдағы жағдай көп айтылғанымен, дүрбелең бүкіл ел аумағын қамтығанын еске салды.
«Алматыдағы бейберекетсіздікке назар аудару орынды-ақ. Алайда елдің 12 қаласында бір мезетте жаппай тәртіпсіздік орын алып, бүлікшілер көптеген облыстық әкімдіктер мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алды. Мұның барлығы кездейсоқ емес, мұқият жоспарланған іс-әрекет болатын», – деді ол.
Президенттің сөзінше, «революция технологиясын» меңгерген күштердің ықпалымен кейбір топтар биліктің жанармай бағасын көтеру туралы шешімін сылтауратып, халықты жаппай көшеге шығарған.
«Кейін бұл арандатушылар азаматтар арасында үрей туғызып, соның салдарынан мемлекеттік қызметшілер, тіпті күштік құрылым өкілдері де қызмет орындарын тастап, құпия құжаттар мен қаруларды қалдырып кеткен жағдайлар орын алды.
ҰҚК мен ІІМ-дегі кейбір басшылардың мемлекетке адалдығы мен кәсіби деңгейі сынға төтеп бере алмады. Бұл әсіресе Алматыда айқын көрінді. Қалада әскери қызметшілер мен бейбіт тұрғындарға жасалған қатыгездік, жаппай тонау, өртеу және қирату әрекеттері төтенше шараларды қабылдауды талап етті.
Қазір кейбір жауапкершілігі төмен, пиғылы нашар адамдар сол күндердің ақиқатын бұрмалап, мемлекетті әлдеқайда ауыр зардаптардан құтқарғанымызды әдейі айтпай келеді», – деп түйіндеді Президент.
Осының алдында Тоқаев Кремль көсемінің алдына бара беретін Назарбаевтың әрекетіне баға берген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

