Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру, бюджет қаржысының талан-таражға түсуіне жол бермеу және мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігін күшейту ең өзекті мәселелердің бірі. Осы ретте Халық кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Борис Поломарчукпен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі, мемлекеттік қаржыға бақылау орнату және «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында жемқорлық тәуекелдерін азайту жолдары туралы әңгімелестік, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жауапкершіліктің бұлтартпастығы – басты қағида
– Борис мырза, Мемлекет басшысы заң алдында лауазымы мен ықпалына қарамастан барлық азамат тең болуы керектігін атап өтті. Сіздің ойыңызша, мемлекеттік аппараттағы жемқорлықпен күресте ең алдымен қандай өзгеріс қажет?
– Меніңше, жемқорлықпен күрестің негізгі шарты – жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету. Қандай жоғары қызмет атқарса да, ешбір лауазымды тұлға заңнан жоғары тұрмауы керек. Әсіресе мемлекеттік бюджеттен триллиондаған теңгенің жұмсалуына ықпал ететін басшыларға қойылатын талап ерекше қатаң болуы тиіс. Өйткені олардың қабылдаған шешімі миллиондаған адамның тұрмысына, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына және мемлекеттің экономикалық тұрақтылығына әсер етеді. Жемқорлық тек пара алу немесе бюджет қаржысын тікелей жымқыру арқылы көрінбейді. Қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану, белгілі бір компанияға негізсіз артықшылық беру немесе мемлекеттік сатып алу рәсімдерін заңсыз өзгерту де үлкен қауіп төндіреді. Сонымен қатар немқұрайдылық, жауапсыздық және кәсіби біліксіздік салдарынан келетін шығынды назардан шығаруға болмайды. Дегенмен басқарушылық қателік пен қасақана жасалған жемқорлық әрекетінің құқықтық айырмашылығы міндетті түрде сақталуы қажет. Әрбір шешімнің заңдылығы, қаржылық негіздемесі және оны қабылдауға жауапты тұлғалар нақты айқындалуы тиіс. Мемлекеттік қызметкердің бұрынғы еңбегі немесе ықпалды таныстары заңсыз әрекеті үшін жауапкершіліктен босатуға негіз болмауы керек. Сонымен бірге адал қызмет атқарып жүрген мамандар заңды шешім қабылдаудан қорықпайтындай жағдай қалыптастырған дұрыс. Сонда сыбайлас жемқорлықпен күрес жекелеген адамдарды жазалаудан басқару жүйесіндегі жауапкершілікті күшейтуге ұласады.
«Қандай жоғары қызмет атқарса да, ешбір лауазымды тұлға заңнан жоғары тұрмауы керек. Әсіресе мемлекеттік бюджеттен триллиондаған теңгенің жұмсалуына ықпал ететін басшыларға қойылатын талап ерекше қатаң болуы тиіс», – деп атап өтті Борис Поломарчук.
Қаржыны бақылау құжат тексерумен шектелмеуі тиіс
– Мемлекеттік жобаларға қыруар қаржы бөлінгенімен, кейбір құрылыс жұмысының сапасы мен тиімділігі қоғамда сұрақ туғызады. Бюджет қаражатының жымқырылуына және қызметтік өкілеттіктің теріс пайдаланылуына жол бермеу үшін бақылау қалай өзгеруі керек?
– Мемлекеттік қаржының жұмсалуын бақылау тек құжат тексерумен шектелмеуі тиіс. Әрбір ірі жобаның экономикалық негіздемесінен бастап, соңғы нәтижесіне дейінгі кезеңі бақылауда болуы қажет. Мәселен, мектеп құрылысына қаржы бөлінсе, оның не үшін дәл сол жерде салынатыны және жобалық құны қалай есептелгені түсінікті болуы керек. Мердігерді таңдау рәсімі заңға сай әрі ашық жүргізілуі тиіс. Өйткені жемқорлық тәуекелі көбіне мемлекеттік сатып алу, келісімшарт жасау және қосымша қаржы бөлу кезеңдерінде пайда болады. Жоба құнының негізсіз өсуі немесе жұмыс мерзімінің қайта-қайта ұзартылуы мұқият тексеруді қажет етеді. Сонымен қатар құрылыс материалдарының сапасына және орындалған жұмыс көлеміне тәуелсіз техникалық бақылау жүргізілгені маңызды. Қаржы толық игерілді деген есеп жобаның тиімді орындалғанын білдірмейді. Егер нысан сапасыз салынса немесе пайдалануға берілгеннен кейін ақау анықталса, оның себептері мен жауапты тұлғалары белгіленуі тиіс. Мұндай мәселеде мемлекеттік аудит, қаржылық бақылау және құқық қорғау органдарының өзара байланысын күшейту қажет. Қоғамдық бақылаудың да маңызы зор, себебі азаматтар бюджет қаражатына қандай нысан салынып жатқанын білуге құқылы. Жемқорлықтың алдын алудың тиімді жолы – қаржы қозғалысын ашық көрсетіп, күмәнді шешімдерді ерте анықтау. Мемлекеттік бюджетке жауапкершілікпен қарау барлық деңгейдегі басшының негізгі міндетіне айналуы керек.
«Халықтық құрылыс» және ашықтық
– «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында азаматтардың мемлекеттік жобаларға қатысуы мен қоғамдық бақылауды күшейту мәселесі көтеріліп отыр. Мұндай тәсіл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, бюджет қаржысының халық игілігіне жұмсалуына қалай ықпал ете алады?
– «Халықтық құрылыс» бастамасын мемлекеттік жобалардың ашықтығын арттыру мүмкіндігі ретінде қарастыруға болады. Меніңше, азаматтар бюджет қаражатының қайда бағытталғанын ғана емес, оның қалай жұмсалып жатқанын да білуі тиіс. Өйткені қоғамнан жабық жүргізілетін жобаларда қаржылық тәртіпке қатысты сұрақтар жиі туындайды. Сондықтан әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды жоспарлау кезеңінен бастап жергілікті тұрғындардың пікірін ескерген дұрыс. Мысалы, белгілі бір өңірге мектеп немесе аурухана қажет болса, тұрғындар жобаның орналасқан жері, сыйымдылығы және қажеттілігі туралы ұсыныс бере алады. Құрылыс басталғаннан кейін оның құны, орындаушы мердігері, аяқталу мерзімі және негізгі жұмыс кезеңдері туралы ашық ақпарат ұсынылуы қажет. Мұндай мәлімет цифрлық жүйеде жарияланса, азаматтар жобаның орындалуын тұрақты қадағалай алады. Әрине, қоғамдық бақылау мемлекеттік аудит пен кәсіби техникалық сараптаманы алмастырмайды. Бірақ ол қаржының тиімсіз жұмсалуына қатысты күмәнді жағдайларды ертерек анықтауға көмектеседі. Егер тұрғындар құрылыс сапасына байланысты шағым түсірсе, жауапты мемлекеттік орган оны белгіленген тәртіппен қарап, нақты жауап беруі тиіс. Сонымен бірге жемқорлық белгілері анықталған жағдайда материалдар құзыретті органдарға жолдануы қажет.
«Азаматтардың мемлекетке сенімі әдемі есептен емес, бюджетке бөлінген қаражаттың нақты нәтижесінен қалыптасады. Сондықтан жемқорлықпен күресте ашықтық, қоғамдық бақылау және лауазымды тұлғаның жеке жауапкершілігі біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі керек», – деді Борис Поломарчук.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







