Атырау облысында өткен жылдың күзінде жоғалып кеткен зейнеткер ерлі-зайыптыға қатысты тың деректер белгілі болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тергеу барысында олардың екінші қызының ел аумағынан шығып кеткені анықталды. Жангелдин ауылында тұрған отбасының жоғалғанына бірнеше ай өткен. Көршілерінің айтуынша, зейнеткерлер тыныш, еңбекқор, ешкімге зияны жоқ жандар болған. Үйде екі мүгедек баласы бар отбасы ауыл ішінде күдік тудырмаған.
«Ешқандай күмән болған жоқ. Кейін ғана олардың жоғалғанын білдік. Содан соң туыстары полицияға жүгінді», – дейді көршісі Үсен Жолдасұлы.
Зейнеткерлердің соңғы күзі
Туыстарының мәліметінше, отбасының ұлы Наурыз алғашқы уақытта байланысқа шыққан. Ол WhatsApp арқылы хабарлама жазып, мал сатқысы келетінін айтқан. Мұны анасының сырқаттануымен түсіндірген. Алайда ол бейнеқоңырауға шықпай, тек мәтіндік хабарламалармен шектелген.
«Тек жазбаша жауап берді. Дауыстық та, бейнебайланыс та болған жоқ. «Мал сатамын, анам ауырып қалды, ақша керек’ деп жазды», – дейді туысы Шалқар Мұқанғалиев.
14 желтоқсанда туыстары күдіктене бастаған. Себебі отбасы басшысы бұрын-соңды малын қараусыз қалдырмаған, ал осы жолы ешқандай ескерту жасамай, байланыссыз кеткен.
«Ағам ешқашан үндемей кетпейтін. Бір жаққа барса, міндетті түрде хабарлайтын. Осы жолы бәрі тым күмәнді көрінді», – дейді туысы Фаризат Кенжегалиева.
6 қаңтар күні кешке полиция жоғалған ерлі-зайыптының мәйіті табылғанын хабарлады. Екі адамның денесі үйдің жанындағы сарайдан табылды. Оқиға орны сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Қазіргі уақытта олардың екі баласын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Үндемей кеткен малшы
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жанторе Демешовтың айтуынша, іздеу бірнеше елді мекен аумағында жүргізілуде. Шадымантөбек, Бесмола, Бірмола және Қарасу маңында сүңгуірлер мен суасты дрондары тартылған.
«Жалпы аумағы 20 шақырымдай жер тексеріліп жатыр. Су қоймаларында арнайы техника қолданылуда», – деді ол.
Ал жоғалған ерлі-зайыптының екінші қызы 5 қараша күні таксимен ауылдан кеткен. Ол ата-анасымен бірге тұрмаған. Бейнебақылау камералары оның Индер ауданындағы жанармай бекетінде болғанын тіркеген. Кейін белгілі болғандай, ол күйеуімен бірге Өзбекстанға кеткен.
Сонымен қатар, әкенің ұялы телефоны кейде желіге қосылады, бірақ қоңырауға ешкім жауап бермейді. Айта кетейік, бұл отбасы 2024 жылдың қазан айында жоғалған. Туыстары полицияға 25 желтоқсанда арыз түсірген. Қазіргі таңда оқиға бойынша «Кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Qarakesek есімімен танылған рэпер Омар Амантаев есірткіге мас күйінде көлік басқарғаны үшін 15 тәулікке қамалып шықты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







