Ауыл мектебіндегі бес-алты баланың сапалы білімге қол жеткізуі енді тұрғылықты жеріне ғана тәуелді болмауға тиіс. Қазақстанда шағын жинақты мектептерге жасанды интеллектіні енгізетін пилоттық жоба басталып, алғашқы сабақтар Павлодар және Қызылорда облыстарында өтіп жатыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап іске қосылды. Бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берген тапсырмаларын орындауға бағытталған. Мемлекет басшысы оқушылардың жасанды интеллект саласындағы құзыретін мектеп қабырғасынан бастап дамыту қажеттігін атап өткен еді.
Пилоттық кезең Павлодар және Қызылорда облыстарындағы алғашқы 10 мектепті қамтыды. Жоба аясында 4-сыныпта оқитын 50-ден астам бала математика, цифрлық сауаттылық, қазақ тілі және орыс тілі пәндері бойынша білім алып жатыр. Бастама 2026-2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі кешенді жоспардың бір бөлігі саналады.
Жобаның технологиялық және халықаралық ауқымын кеңейтетін маңызды келісім Үрімші қаласында жасалды. Қазақстандық Q.AI компаниясы мен халықаралық 01.AI компаниясы бастаманы кезең-кезеңімен дамыту туралы құжатқа қол қойды. 01.AI компаниясының негізін әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект сарапшысы, Қазақстан Президенті жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі кеңестің мүшесі Ли Кай-Фу қалаған.
Жоспар бойынша 2027 жылғы қаңтарда қатысушы мектеп саны кемінде 50-ге дейін көбейеді. Сол жылдың сәуірінде жоба 440 білім ошағына жетуге тиіс. 2028 жылғы шілдеге қарай елдегі 2,6 мыңға жуық шағын жинақты мектепті толық қамту көзделген.
Оқу процесі қашықтан оқыту технологиясына негізделген гибридті модельмен ұйымдастырылған. Білікті педагогтер «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығындағы арнайы жабдықталған студиядан ауыл мектептеріне онлайн сабақ өткізеді. Сыныптағы жергілікті мұғалім балалардың жанында қалып, материалды меңгеруге және тапсырманы орындауға көмектеседі.
Оқушылардың белсенділігі мен сабаққа қатысуы интерактивті кликерлер және цифрлық құралдар арқылы бақыланады. Жүйе жауаптарды жинап, білімдегі олқылықтарды анықтауға және қосымша қолдау қажет баланы белгілеуге мүмкіндік береді. Осылайша бір сыныптағы әр оқушыға ортақ сабақпен қатар, жеке оқу бағытын ұсынуға жағдай жасалады.
Пилотпен қатар педагогтерді, мектеп басшыларын және аудандық білім бөлімдерінің мамандарын даярлау жүріп жатыр. ЖИ платформасының технологиялық негізі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ базасында орналастырылған. Платформа отандық суперкомпьютерлік кластердің есептеу қуатын пайдаланады.
Q.AI компаниясының бас директоры Дмитрий Мун бірлескен жобаның басты міндеті қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту екенін айтты. Қазақстандағы 2,6 мыңға жуық шағын жинақты мектептің кейбір сыныптарында небәрі 5-6 бала оқиды. Әр елді мекенге барлық пән бойынша білікті маман тарту мүмкін болмағандықтан, гибридті үлгі кадр тапшылығын технология арқылы жеңілдетуді көздейді.
Дмитрий Мунның айтуынша, Астанадағы білікті мұғалімдер ауыл мектептеріне онлайн форматта тікелей сабақ береді. Жергілікті педагог сыныптағы балалармен бірге жұмыс істесе, жасанды интеллект олардың жауабын талдап, әлсіз тұстарын анықтайды. Жүйе кімге қосымша түсіндіру қажет екенін көрсетіп, оқытуды оқушының жеке қажеттілігіне бейімдеуге көмектеседі.
Компания басшысы жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайтынын ерекше атап өтті. Керісінше, жаңа технология педагогтің мүмкіндігін кеңейтіп, күнделікті жұмысын тиімді етуге тиіс. Өйткені оқушының мінезін, көңіл күйін және қабілетін экранның ар жағындағы алгоритмнен бұрын жанындағы ұстазы жақсы біледі.
Қазақстан мен Қытай аталған жоба аясында технология, тәжірибе және мамандардың әлеуетін біріктіріп отыр. Халықаралық серіктестік отандық ЖИ платформасын жетілдіруге және оны мыңдаған ауыл мектебіне бейімдеуге жол ашады. Жоба толық іске асқанда қашықтағы елді мекен балалары да үздік педагогтердің сабағына тұрақты қосыла алады.
Қашықтан оқыту мен жасанды интеллектіні ұштастыру ауыл оқушыларының заманауи білім ресурстарына қолжетімділігін кеңейтпек. Дербес оқыту жүйесі әр баланың үлгерімін жеке талдап, білімдегі әлсіз тұсты ертерек анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік қалыптастыру көзделіп отыр.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты мұғалім мен оқушының цифрлық құзыретін қатар дамытуға негізделген. Технологияның тиімділігі интернет жылдамдығына, жабдық сапасына, педагог даярлығына және жиналған деректің қауіпсіздігіне тікелей байланысты болады. Сондықтан пилоттың шынайы нәтижесі қамтылған мектеп санымен ғана емес, ауыл баласының біліміндегі нақты ілгерілеумен өлшенбек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







