«Қазгидромет» синоптиктері еліміз аумағы бойынша қазан айына арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Метеорологтардың дерегінше, күздің екінші айында республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°C жоғары болады деп күтілуде. Тек Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында, сондай-ақ Павлодар облысының солтүстік-шығыс өңірінде сынап бағанасы көпжылдық орташа мән шегінде сақталады.
Республиканың басым өңірлерінде қазан айындағы орташа ауа температурасы +3…+10°C деңгейінде болжанса, оңтүстік өңірлерде күндізгі және түнгі көрсеткіштер орта есеппен +11…+16°C шамасында жылылықты сақтайды.
Жауын-шашын мөлшері қалай бөлінеді?
Қазан айында Қазақстанның негізгі бөлігінде жауын-шашын мөлшері қалыпты норма шегінде түседі. Дегенмен, кейбір облыстарда жаңбыр мен қар үлесінде айтарлықтай айырмашылық байқалмақ.
Жауын-шашын климаттық нормадан көп түсетін аймақтар:
- Батыс Қазақстан облысының басым бөлігі;
- Атырау және Маңғыстау облыстарының батыс аумағы;
- Ақтөбе облысының солтүстігі;
- Қостанай облысының солтүстік-батыс өңірі.
Ал жауын-шашын тапшылығы бірқатар оңтүстік және орталық өңірлерде күтіледі. Атап айтқанда, Жамбыл және Жетісу облыстарының басым аумағында, Қызылорда облысының оңтүстік-шығысында, Ұлытау облысында, Қарағанды облысының оңтүстік бөлігінде, сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарының солтүстік аудандарында жаңбыр аз жауады.
Күз бен қыстың арасындағы өтпелі кезең
Синоптиктер қазан айы маусымдық құбылмалылығымен ерекшеленетінін еске салады. Айдың бірінші және екінші онкүндіктерінде жылы ауа массаларының әсерінен жылымық күндер күтілгенімен, үшінші онкүндікте солтүстік және шығыс өңірлерде түнде сынап бағанасы теріс көрсеткішке дейін төмендеп, қыс мезгілінің нышаны байқала бастайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







