Биылдан бастап Қазақстанда ірі қара мал етін экспорттауға қатысты жаңа тәртіп енгізілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа тәртіп бойынша Қазақстан аумағынан үшінші елдер мен Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріне экспортталатын ірі қара мал етіне арналған квоталардың жалпы көлемі 20 000 тонна деңгейінде бекітілді. Аталған норма 2026 жылдың 30 маусымына дейін қолданыста болады.
Квота тек меншігіндегі бордақылау алаңдарында өсірілген малдың етін экспорттайтын кәсіпорындарға ғана беріледі. Бұл ретте бір кәсіпорынға бөлінетін квота мөлшері бордақылау алаңының қуаттылығына қарай белгіленеді:
5000 бастан жоғары – 1000 тонна;
10 000 бастан жоғары – 2000 тонна;
15 000 бастан жоғары – 3000 тонна;
20 000 бастан жоғары – 4000 тонна;
50 000 бастан жоғары – 10 000 тоннаға дейін.
Бұл шаралар толық циклды өндірушілерді қолдап, сыртқы сауда операцияларының ашықтығын арттыру мақсатында қабылданып отыр.
Енгізілген өзгерістер бірінші кезекте ішкі нарықты қорғау мен мал шаруашылығы саласын дамытудың стратегиялық міндеттерінен туындайды. Мұндай уақытша шектеудің басты мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ет өнімдерін терең өңдеуді ынталандыру, статистикалық мәліметтердің ашықтығын қалыптастыру және өнімнің шығу тегін бақылау жүйесін жетілдіру.
Квота енгізуге шағын компаниялар мен сою цехтарының бордақылаумен айналыспай, малды қайта сатумен ғана шектелуі себеп болды. Мұндай тәсілдер алыпсатарлықты күшейтіп, ішкі нарықтағы нақты сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін бұзып, ет бағасының өсуіне ықпал еткен.
Осыған байланысты квоталау мал өсіру және оны бордақылаумен шұғылданбайтын делдалдарды нарықтан ығыстырып, өндірістік инфрақұрылымға инвестиция құятын, заманауи технологияларды енгізетін және жұмыс орындарын ашатын нақты өндірушілерді қолдауға бағытталған.
Экспорттық квотаны нарық қатысушылары арасында бөлу, оның көлемін және қолданылу мерзімін анықтау орталық мемлекеттік органдардың құзыретінде, уәкілетті органмен келісілген тәртіпте жүзеге асырылады. Бұл ішкі нарық жағдайына жедел жауап беруге және ел ішіндегі тұтынушылардың мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, қабылданған жаңа тәртіп отандық мал шаруашылығының ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, ішкі нарықтың тұрақтылығын нығайтуға ықпал етпек. Бұл өз кезегінде жергілікті фермерлер мен ет өңдеушілердің позициясын күшейтіп, тұтынушылардың сапалы әрі қолжетімді ірі қара мал етін тұтынуына жол ашады.
Сайтымызға сиыр етінің күрт қымбаттауының себебі экс-министр Асылжан Мамытбеков түсіндіріп берген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







