Қазақстан Испания мен Өзбекстанның обсерваторияларына жаңа телескоптар орнатады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматыдағы Фесенков атындағы астрофизикалық институттың инженер-зерттеушісі Максим Кругов бұл жобаның «Астротехприбор» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.
Жоба аясында Испаниядағы Тейде обсерваториясына диаметрі 115 сантиметрлік, ал Өзбекстандағы Майданак обсерваториясына 80 сантиметрлік телескоптар қойылатынын айтты.
– Жаңа телескоптар Қазақстанның халықаралық бақылау желісіндегі маңызды нүктелердің біріне айналады. Орнатылатын орындар Жердің айналу траекториясына сәйкес арнайы таңдалды. Аспан кеңістігіндегі бақылаулардың үзіліссіз жүруін қамтамасыз етеді, – деді маман.
Бұдан бөлек, Қазақстан Алматы маңындағы Ассы обсерваториясын дамытуды жалғастыруда. 2030 жылға қарай «Астрохаб» жобасы аясында жергілікті студенттер мен институт мамандарының қатысуымен әзірленген 100-ден астам телескоп орнату жоспарланған.
Тейде обсерваториясы 1964 жылы Канар аралдарының Тенерифе аралында теңіз деңгейінен 2400 метр биіктікте ашылған. Бұл нысан атмосфералық бақылауға қолайлы ерекше климатымен әлемге танымал және халықаралық деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықтың орталығы ретінде белгілі.
Ал Өзбекстандағы Майданак обсерваториясы 1970 жылы Шахрисабз қаласына жақын жерде, 2650 метр биіктікте құрылған. Аталған обсерватория атмосфералық тазалығы мен ерекше географиялық орналасуының арқасында көптеген ғылыми жобаларға тиімді болып отыр.
Айта кетейік, былтыр Қазақстан Чилидегі Атакама шөлінде орналасқан халықаралық «Обстех» обсерваториясында телескоп орнатып, оңтүстік аспанды зерттеуге бағытталған жаһандық желіге қосылған болатын. Осылайша, Қазақстан астрономия саласындағы халықаралық ғылыми қауымдастықпен ынтымақтастығын тереңдете түсті.
Қазақстан ғарыш саласында Қытай қолдауымен жаңа хаб құруға кірісті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

