Маңғыстау облысында North Caspian Operating Company компаниясы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық бастамалар жүзеге асыруда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай NCOC компаниясының басқарушы директоры Джанкарло Руюмен өткізген кездесуде көптеген мәселелер талқыланды.
Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, сондай-ақ Маңғыстау аумағында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Атап айтқанда, NCOC қолдауымен биыл көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев дүниеге келген Оңды ауылында кешенді абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар теңіз жағалауын қайта жаңғырту және Ақтаудағы «Ақбота» саябағын жаңарту жобалары қарастырылған.
Әлеуметтік салаға бағытталған нақты қадамдардың бірі ретінде өңірдің жедел медициналық көмек қызметін нығайту мақсатында толық жабдықталған 20 жаңа жедел жәрдем көлігінің тапсырылғаны айтылды. Бұл бастама тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
Кездесу барысында Джанкарло Рую NCOC компаниясы Маңғыстау облысындағы әлеуметтік, инфрақұрылымдық және экологиялық жобаларға алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, компания үшін жергілікті қауымдастықтардың дамуы мен өмір сапасын арттыру басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Өз кезегінде облыс әкімі NCOC компаниясының Маңғыстау өңірімен 25 жылдан астам уақыт бойы тұрақты іскерлік әріптестік орнатып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Соңғы жылдары компанияның қатысуымен өңірде маңызды әлеуметтік нысандар салынып, пайдалануға берілгені тұрғындардың тұрмыс деңгейіне оң әсер еткенін айтты.
Айта кетейік, NCOC осы уақыт аралығында Маңғыстау облысында 100-ден астам әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаны іске асырған. 2020-2025 жылдары Ақтау қаласында модульдік инфекциялық аурухана, онкологиялық диспансер, студенттерге арналған жатақхана, сондай-ақ спорттық және мәдени нысандар бой көтерді. Бұдан бөлек, Форт-Шевченко қаласында және облыстың ауылдық елді мекендерінде бірқатар білім беру нысандары салынды.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара тиімді серіктестікті жалғастырып, Маңғыстау облысының тұрақты дамуына бағытталған бірлескен жобаларды алдағы уақытта да іске асыруға ниетті екенін білдірді.
Айтпақшы, Маңғыстау облысындағы жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 97 пайызы жақсы деңгейге жеткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

