Атырау облысының Жангелдин ауылында егде жастағы ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевке халықаралық іздеу жарияланды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күдікті қаза тапқан әулеттің туған күйеу баласы болып келеді. Сонымен қатар оның зайыбы, отбасының қызы Ақбаян Мұқанғалиева да із-түзсіз жоғалып, полиция оны да жер-көктен іздестіріп жатыр.
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, халықаралық іздеудің нақты қай елде жүргізіліп жатқаны жарияланбайды.
«Іздеу жүріп жатқан мемлекеттер туралы мәліметті ашық бере алмаймыз, себебі бұл тергеу ісіне кері әсер етуі мүмкін. Қазір күдіктіні әлем бойынша іздеп жатырмыз. Арнайы жедел-іздестіру тобы құрылған. Күдіктілер ұсталған жағдайда, туыстарына және ақпарат құралдарына ресми түрде хабар беріледі», – деді полиция өкілі.
Пәлцейлердің мәліметінше, жәбірленушілердің ұялы телефоны мен SIM-картасы елдің әртүрлі аймағында бірнеше мәрте тіркелген. Қазір осы ақпарат бойынша тергеу амалдары басталған.
Бұған дейін…
Әлемжеліде Мирамгүл Қарабалинаның денесі табылғаны туралы ақпарат тараған еді. Желідегі жұрт оның мүрдесі құдық немесе септиктен табылғанын жазған. Полиция әлгі ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді.

Сондай-ақ, полиция өкілдері Мирамгүлдің Атырау қаласындағы бейнебақылау камерасына түскенін растады. Тергеу мүддесіне байланысты жазбаның нақты қай жерде және қандай мазмұнда екені ашық жарияланбайды.
Тергеу барысында бейнебақылау жазбалары мен жедел іздестіру шаралары арқылы қаза болғандардың зейнетақы шотынан ақшаны кімнің, қай жерде шешіп алғаны да белгілі болды.
Желіде ерлі-зайыптының өліміне қатысты түрлі қауесет тараған болатын. Полиция қаза тапқан ерлі-зайыптының денесінен пышақ жарақаты анықталғанын ресми түрде мәлімдеді.
«Марқұмдардың денесінде пышақ ізі бар. Сүйек сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Оның қорытындысы бойынша олардың нақты неден, қалай қайтыс болғаны және қылмыстың жасалған уақыты анықталады», – деді Мейірім Ердәулет.
Соңғы ақпарат бойынша, Наурыз Мұқанғалиевтің телефоны 6 қаңтардан бері сөндірулі тұр. Қазіргі таңда отбасы мүшелерінің ұялы телефонын іздестіру жұмысы жалғасуда. Наурыздың телефоны күні кешеге дейін ауық-ауық қосылып тұрған.
Контекст
Еске сала кетейік, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңында із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. 6 қаңтар күні шаруа қожалығы аумағындағы ғимараттардың бірінен отағасы Мақсот Қарабалин мен оның әйелі Нәсіп Өтешқалиеваның денелері табылды. Марқұмдардың екі баласы, қызы Мирамгүл Қарабалина мен ұлы Наурыз Мұқанғалиев әлі табылмай жатыр. Іздеу жалғасуда.
Ertenmedia тілшісі із-түссіз жоғалып кеткен Жангелдин ауылының төрт тұрғыны туралы егжей-тегжейлі жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

