Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев өзі бұрын басқарған «Бәйтерек» холдингіне қайта оралды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Досаев ұлттық холдингтің директорлар кеңесі құрамына енді. Ақпарат KASE сайтында 13 қаңтар күні жарияланды.
Холдингтің директорлар кеңесін Премьер-министр Олжас Бектенов басқарады. Кеңеске жаңадан бірінші вице-премьер Роман Скляр, Экономика министрі Серік Жұманғарин, Қаржы министрі Мәди Такиев және Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев кірген. Басқарма төрағасы қызметінде Рүстем Қарағойшин қалды.
Еске сала кетейік, Ерболат Досаев 2016-2017 жылдары «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы қызметін атқарған. Қазір ол Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінде.
Ерекең 2025 жылдың қыркүйегіне дейін Алматыны басқарған, ал былтыр желтоқсанда «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесіне мүше болып кірген болатын. Демек, қазір ол үш жерден айлық алып отыр.
«Бәйтеректің» директорлар кеңесінде бұған дейін жұмыс істеген үш тәуелсіз директор Мари-Элен Берар, Дэниел Витт және Норберт Грундке өз орындарын сақтап қалды. Олар холдингтің стратегиялық даму, аудит және кадр мәселелеріне жауапты негізгі комитеттерін басқарады.
Айта кетейік, бұған дейін Ерболат Досаевтың жұбайы 2024 жылғы табысын 2,3 миллиард теңге деп көрсеткен. Ал Досаевтың өзі 14 миллион теңге табыс тапқанын жариялаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

