Өскеменде әйелдер волейбол командалары арасында өткен Қазақстан Суперкубогының финалында «Жетісу» волейболшылары қарсыласы «Тұран» командасын 3:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша жетісулық арулар бесінші мәрте Суперкубок иегері атанды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Финалдық ойыннан кейін «Жетісу» командасының бас бапкері Марко Гршич өз әсерімен бөлісті.
– Барша команданы және жанкүйерлерімізді шын жүректен құттықтаймын. Түрлі қиындықтарды еңсеріп, тағы бір мәрте Суперкубокты Жетісу өңіріне алып келе алдық. Жеңіс біздің жанкүйерлер үшін де үлкен қуаныш. Сонымен қатар алда келе жатқан Азия чемпиондар лигасына жасалған сенімді қадамдардың бірі деп ойлаймын, – деді бас бапкер.
«Жетісу» волейбол клубының белді ойыншысы Перизат Нұрбергенова алдағы жауапты жарыстарға ерекше тоқталып өтті.
– Біз бұл жеңіспен тоқтап қалмаймыз. Алдымызда маңызды ойындар күтіп тұр. Ел чемпионатындағы жағдай шиеленісіп келеді. Чемпиондыққа жету қиын, ал оны қорғап қалу одан да қиын. Сондықтан алдағы ойындарға тыңғылықты дайындықпен кірісеміз, – дейді ойыншы.

«Жетісу» волейбол клубының сарапшысы Руслан Кенжебаев жасаған талдау бойынша «Тұранға» қарсы финалдық ойында Мария Фролова 21 ұпаймен үздік көрсеткішке қол жеткізген. Ирина Кенжебаева 12 ұпай, ал Наталья Борисенко 8 ұпаймен көзге түсті.
Айта кетейік, «Жетісу» волейбол клубы Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан кубогының 9 дүркін жеңімпазы, сондай-ақ Азия Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған ел мақтанышы.
Айтпақшы, Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы лауазымына Тимур Айбекұлы Губашев тағайындалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

