2025-2026 жылғы эпидемиялық маусымда Түркістан облысында тұмауға қарсы ресейлік «Гриппол+» вакцинасының 271 348 дозасы толық көлемде егілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Нәтижесінде өңір тұрғындарының 12,8 пайызы профилактикалық екпемен қамтылған. Ақпаратты брифинг барысында Нұрбек Нышанов, Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы мәлімдеді.
Спикердің дерегіне сәйкес, зоонозды тері лейшманиозы бойынша өткен жылы 56 жағдай тіркелген, ал 2024 жылмен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі 2,2 есеге төмендеген. Арыс, Шардара және Отырар аудандарында эпидемиологиялық тәуекелді төмендету мақсатында дезинсекция және дератизация шаралары жыл сайын жүйелі түрде атқарылады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қатысты 2025 жылы 124 елді мекеннің санитарлық-қорғаныс аймақтарында алдын ала профилактикалық дезинсекция жүргізіліп, жалпы 96 268 740 шаршы метр аумақ қамтылған.
Сондай-ақ Сібір жарасына қарсы егуге жататын 2 974 адам жоспарланып, барлығы толық вакциналанғаны бақылауға алынған. Бруцеллез ошақтарында ветеринариялық қызмет өкілдері тарапынан залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. 2025 жылы тұрғындар арасында құтыру дерегі тіркелмегенімен, жануарлардан жарақат алған 5 994 адамның барлығына профилактикалық егу тағайындалып, белгіленген мерзімге сай орындалуы қадағаланған.
Иесіз жануарлар мәселесіне де тоқталған Нұрбек Нышанов жергілікті атқарушы органдар бөлген қаржы есебінен 18 аулау тобы құрылғанын айтты. Соның нәтижесінде 45 822 ит пен 2 094 мысық ауланып, санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы шаралар күшейтілген.
Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тарту бағытындағы жұмыс қарқынды түрде жалғасып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

