Премьер Бектенов әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің басқаруына өткізу туралы шұғыл тапсырма берді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған қордың қаржылық қызметінен анықталған жүйелі кемшіліктер мен миллиардтаған шығындар себеп болған.
МӘМС жұмысын тексеру туралы тапсырманы премьер-министр 2025 жылғы 18 желтоқсанда берген еді. Тексеру нәтижесінде қор қаражатын тиімсіз пайдалану мен заңсыздықтардың кең етек алғаны белгілі болды.
Тәкиев не дейді?
Қаржымин Мәди Такиевтің айтуынша, соңғы жылдары медицинаны қаржыландыру күрт өскен, бірақ миллиардтар артқан сайын, тиімділік төмендей берген.
Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 2,4 триллион теңге бөлінеді бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1 триллионға артық. Дегенмен, осы аралықта қорға түскен 588 миллиард теңге инвестициялық кірістің басым бөлігі медициналық қызмет көрсетуге емес, қор активтерін көбейтуге жұмсалған.
Тексеру кезінде, әсіресе, қосарлы қаржыландырудың сорақы фактілері анықталған.
Мысалы, жеке клиникалар бір қызмет үшін жұмыс берушілердің ерікті медициналық сақтандыруынан және мемлекет есебінен екі рет ақша алып келген. Бұдан бөлек, бір пациент бір күнде екі түрлі медициналық мекемеде қатар тіркеуде тұрған жағдайлар тіркелген.
Одан да сорақы фактілер бар…
Қаржы министрлігі салық органдарының көмегімен медициналық мекеме басшыларының кіріс-шығыстарын тексергенде де жаға ұстатарлық жайттар ашылған.
2024–2025 жылдары 1465 медициналық басшы 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік сатып алған. 912 басшының меншігінде 1416 автокөлік бар екені белгілі болды. Арасында 2 жылда 50-ден 120-ға дейін пәтер мен ғимарат, 20-дан астам көлік жинап үлгергендері де кездеседі.
Алайда бұл анықталған былықтардың бір парасы ғана. Мысалы, елордалық жеке клиниканың бір дәрігері бір тәулікте 1442 пациент қабылдаған болып шыққан. Тағы бір маман бір айда 4832 адамға «қызмет көрсеткен». Мұның сыртында дүниеден өткен адамдарға да медициналық қызмет жазылып келген.
Ал жүз мыңдаған скринингтік тексерулер пациенттің жынысына мүлдем сәйкес келмеген ер адамдарға маммография жүргізілгені көрсетілген. Бұдан бөлек, балаларға жүздеген препараттар негізсіз жазылған жағдайлар да жетіп артылады.
Базарбектің базынасы
Қордың қаржылық ағынына бақылаудың әлсіздігін депутаттар да сынға алды. Мәжіліс депутаты Базарбек қорды «өз қолымызбен жасаған құбыжыққа» теңеген еді. Оның айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесіне деген халықтың сенімі айтарлықтай төмендеген. Қордың ірі көлемдегі қаржы ағынына қатаң бақылаудың жоқтығы түрлі жемқорлық схемалары мен шектен шыққан заңсыздықтарға жол ашқан.
«Мұнда тиімділік емес, миллиардтарды игеруге деген талас анық байқалады», – деп жазылған Қаржы министрлігі ұсынған қорытындыда.
Тексеруден кейін премьер-министр Олжас Бектенов мынадай нақты тапсырмалар берді:
- Барлық анықталған заң бұзушылықтарға байланысты материалдарды құқық қорғау органдарына жолдау;
- ФСМС-ты толығымен Қаржы министрлігіне өткізіп, қордың қаржы ағындарына толық бақылау орнату;
- Денсаулық сақтау жүйесін цифрландырып, Қаржы министрлігі негізінде бірыңғай ақпараттық база құру;
- Қор активтерін инвестициялау стратегиясын қайта қарап, негізсіз шығындарды тоқтату.
Айта кетейік, бұған дейін бас аудитор Әлихан Смайылов МӘМС жұмысына 2022–2023 жылдары аудит жүргізіп, ондаған миллиард теңгенің заңсыз жұмсалғанын анықтаған еді. Қосарлы қаржыландыру мен жалған мәліметтер бойынша жинақталған материалдар құқық қорғау органдарына берілген. Соған қарамастан, қордың жұмысы әлі де реттелмеген күйінде қалып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

