Алматыны газға көшіру ісі баяу жүріп жатыр. Энергі министрі Ерлан Ақкенженов ТЭЦ-3 құрылысындағы олқылықтарға тоқталып, жұмысты жеделдетуді талап етті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақкенженов Алматыға арнайы сапармен келіп, қаладағы ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3 құрылыс алаңдарындағы жағдайды өз көзімен көрді.
ТЭЦ-2 нысанындағы жұмыстар кестеге сәйкес жүріп жатса, ТЭЦ-3 құрылысындағы баяулық министрдің көңілінен шыққан жоқ.
«Құрылыс қарқынын бәсеңдетуге ешқандай негіз жоқ. Қажет болса, жұмысшылар санын көбейтіңдер, бірақ артта қалуға жол берілмесін. Жоспардың орындалмауы кешірілмейтін жағдай. Желтоқсанның 31-іне дейін станция толық қуатында газға көшіп бітуі тиіс», – деп нақты тапсырма қойды Ерлан Ақкенженов.
Министр жұмыстың кешігуіне негізгі себеп бас мердігердің жауапсыздығы мен салғырттығы екенін ашық айтты.
Енді ТЭЦ-3 құрылыс алаңына онлайн-бақылау камералары орнатылады. Ақкенженов құрылыс қарқынын күн сайын тікелей эфир арқылы бақылап отырмақ.
«Алматы қаласы түтіннен тұншығып отыр. Газға көшу президенттің тапсырмасы ғана емес, халық алдында берген уәдеміз. Бізде қателесуге де, кешігуге де ешбір моральдық құқығымыз жоқ», – деп қатаң ескертті Ақкенженов.
Энергетика министрлігі ТЭЦ-3 модернизациясын жеке бақылауға алды. Енді мердігер компания басшылары министрлікке апта сайын жеке-жеке есеп береді. Жұмыстың орындалуы бойынша басшылар тікелей әрі жеке жауапкершілікке тартылмақ.
ТЭЦ-2 бойынша жұмыстар кестеден ауытқымаған. Мердігер мұнда екі қазандыққа гидравликалық сынақты сәтті жүргізгенін айта кеткен жөн. Еске сала кетейік, ТЭЦ-2 мен ТЭЦ-3 толық газға көшкеннен кейін олардың жалпы қуаты 1 ГВт-тан асады деп жоспарланған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

