Қазақстан экономикасы қысқа мерзімді әрі қауіпті шетелдік капиталдың қақпанына түсті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Reuters-тің дерегінше, елімізде өткен жылы hot money (ыстық ақша) ағыны күрт көбейген.
Сүлейменов? Бұған Ұлттық банктің жоғары базалық ставкасы себеп болған. Шетелдік инвесторлар осы мүмкіндікті мүлт жібермей, теңгедегі бағалы қағаздарға миллиардтап қаржы салған.
Бірақ бір гәп бар…
Сарапшылар осы қаржы ағымының қауіпті екенін ескертеді.
Теңгелік облигацияларға қаржы құйған инвесторлардың мақсаты ұзақ мерзімді, тұрақты табыс емес, тез пайда тауып, апыл-ғұпыл шығып кету. Жаһандық экономикада аз ғана тербеліс болса, сырттан келген осы капитал елден әп-сәтте кері шығып, ұлттық валютаға орасан қауіп төндіруі мүмкін.
«Қазақстан тәрізді елдер базалық мөлшерлемені жоғары ұстап, валюталық бағамды бақылауда ұстауға тырысады.
Бұл жағдай нарықты қысқа мерзімге тартымды етсе де, сыртқы фактор өзгерген жағдайда ел экономикасын осал тұсынан соғады. Мысалы, Египет пен Нигерияда инвесторлардың кенеттен кетуі ұлттық валютаның күрт құлдырауына әкелді.
Бектенов үкіметінің дәл осындай сценариймен бетпе-бет келу қаупі жоғары», – дейді халықаралық сарапшылар.
Инвестордың мың құбылған мінезі
Отандық мамандардың пайымдауынша, шетелдіктердің қысқа мерзімді құнды қағазға белсене араласуы теңгенің жасанды тұрақтылығын қалыптастырып отыр. Бірақ инвесторлар ақшасын жаппай алып шықса, теңге тағы бір рет оңбай құнсыздануы ықтимал.
Жақында Ұлттық банктің сауалнамасына қатысқан сарапшылар да алдағы жылы теңгенің біртіндеп әлсірейтінін болжаған еді. 2026 жылы доллар бағамы 537 теңгеге жетуі мүмкін. Ал 2028 жылы 580 теңгеге дейін өседі. Қаржы реттеушісі саясатын қатайту арқылы валюта бағамын күрт ауытқудан сақтағанымен, бұл елдің экономикалық өсімін тежейді деген пікірде мамандар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

