Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмаларын орындау кірісті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президенттің тапсырмасымен Көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленіп, бекітілетін болады. Ұлттық жобаға жалпы қуаты шамамен 7,6 ГВт болатын көмір генерациясының жаңа жобалары енгізіледі. Бұл ретте экологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, «таза көмір» технологияларына басымдық беріледі.
Ақкенжеевтың айтуынша, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жалпы қуаты 960 МВт болатын үш жаңа ЖЭО жобасының мерзімдері өзгермейді. Бұл жобалардың іске асырылуы министрліктің ерекше бақылауында.
«Әрбір жаңа жоба әзірленіп жатқан Ұлттық жобада толық сипатталып, бекітіледі», – деді вице-министр.
Сонымен қатар, 2026 жыл цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын ескере отырып, деректерді өңдеу орталықтарын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлескен жұмыс жоспары қайта қаралады. Қажет болса, жаңа қуаттарды қосу шаралары қабылданады.
Табиғи газ саласын дамыту да басты назарда. Президент тапсырмасына сәйкес жаңа газ кен орындарын іздеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы қазірдің өзінде жалпы ресурстық бағасы 515 млрд текше метр болатын 14 учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын қолға алды.
– Алдағы уақытта геологиялық барлау портфелін газдың болжамды ресурстары 1,7 трлн текше метрге жететін 30 учаскеге дейін кеңейту жоспарлануда. Бұдан бөлек, геологиялық тәуекелдерді азайтып, инвестиция тарту үшін жер қойнауының шамамен 50 учаскесі электронды аукциондарға шығарылады, – деді Ақкенжеев.
Гидроэнергетика саласында еліміздің гидроресурстарының цифрлық картасын жасау басталды. Бұл карта бірыңғай цифрлық платформаға енгізіліп, гидрологиялық, инфрақұрылымдық және құқықтық деректерді біріктіреді. Нәтижесінде жаңа гидростанцияларды жобалауға кететін уақыт едәуір қысқармақ.
Құрылтайда әуе отыны бағасының жоғары екені де сынға алынған болатын. Президент тапсырмасы бойынша авиахабтарды дамыту үшін авиаотын бағасы тоннасына 1200 доллардан 940 долларға дейін төмендетілді. Алдағы уақытта бұл баға 890 долларға дейін арзандайды.
– Бұл қадам отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықаралық әуе компанияларының рейстерін көбейтуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деп қорытындылады Ерлан Ақкенжеев.
Жоғарыда аталған Мемлекет басшысының тапсырмалары министрліктің ерекше бақылауында болады.
Кеше Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Жаңа кен орындарын игеру қарқыны баяу. Осының бәрі тиімсіз жоспарлаудың салдары. QazaqGaz компаниясы өз қаржысы мен инвесторларды тартып, жаңа учаскелерді игеруге кірісуі керек» деген еді
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

