Әлемдік саясатта кез келген қадамның артында терең логика мен кең ауқымды стратегиялық мақсат тұрады. Сол себепті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Авраам келісімдеріне қосылуы ауқымды әрі стратегиялық маңызды қадам, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстан бұл шешімі арқылы тек ТМД кеңістігінде ғана емес, Еуропа, Латын Америкасы мен Африка елдерінің арасында да осы келісімдерге қосылған жалғыз мемлекетке айналды.
Ұлттық құрылтай отырысында Президент Тоқаев бұл қадамды өзі жеке қабылдағанын ашық айтты. Осы шешімнің көптеген ведомстволардың ұсыныстарына, тіпті кейбір шетелдік әріптестерінің кеңестеріне қарама-қайшы болуы мүмкін екенін аңғаруға болады. Мұндай шешімдер саяси тұрғыдан психологиялық батылдықты, тәуекелді талап етеді. Дәл осындай қадамдар саясаткердің қысқа мерзімді қолдау мен мақтауды емес, елдің ұзақ мерзімді экономикалық, қауіпсіздік және халықаралық беделін көздейтіндігін көрсетеді.
Көптеген мемлекет басшылары мұндай күрделі сәттерде сыртқы бақылаушы ретінде қалып, тек кейін ғана жеңімпаз жаққа қосылуды жөн көреді. Орталық Азия елдері арасында мұндай ұстаным жиі кездеседі және, өкінішке қарай, жеке басқа табынушылыққа әкелетін құралға айналып та жатады.
Алайда, Авраам келісімдері бөлек әңгіме. Бұл бастама Дональд Трамптың президенттігі тұсында дүниеге келгенімен, дипломатиялық ортада көпке дейін танымал бола қоймаған еді. Көпшілік үшін бұл келісімдер таңсық әрі тәуекелді болып көрінуі мүмкін.
Бұл жерде мемлекет басшысының кең ойлау қабілеті, терең білімі, өз шешімін қабылдауда кеңесшілерінің пікіріне ғана сүйеніп қалмай, жеке пайымына сенуі маңызды рөл атқарады. Халықаралық қатынастардың түп-төркінін, өркениеттік бірегейлікті, ұзақ мерзімді әлемдік тәртіпті түсіне білу қабілеті – саяси лидердің басты артықшылығы.
Сондықтан да Президент Тоқаев өз сөзінде Авраам келісімдерінің тарихи маңызына, өркениеттік түп-тамырына қысқаша тоқталып, өзінің батыл шешімін қоғамға түсіндіруді жөн көрді.
Әлемдік саясат тәжірибесі көрсеткендей, мұндай батыл шешімдер қабылданған кезде әрдайым тәуекелді көрінеді. Алайда дәл осындай қадамдар болашақты айқындап, елдің онжылдықтарға созылатын стратегиялық бағыттарын қалыптастырады.
Әділ Кәукенов, саясаттанушы
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

