Қаржы сарапшысы, белгілі экономист Сұлтан Елемесов «доллар мың теңге болады» деп дүрлігіп жүрген қауымды сабырға шақырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Маман мұндай дүрбелеңге бой алдырмауға, пессимистік болжамнан аулақ болуға шақырып отыр. Пікірінше, кейбір сарапшылардың долбары онсыз да жүйкесі жұқарған халықты одан сайын діңкелетіп жатыр.
Елемесов девальвация туралы әңгімеге негіз барын жоққа шығармайды. Шетелдік инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздан кетуі, мұнай бағасының құлдырауы, өндіріс көлемінің қысқаруы теңгеге қысым түсіретіні өтірік емес. Бұған Каспий құбыр консорциумын (КТК) торуылдап жүрген украин дрондарын және қосыңыз.
«Бұған дейін мен де Трамптың мұнай нарығына қысым жасайтынын, КТК құбырына жасалған шабуыл Қазақстан экономикасына жақсылық әкелмейтінін бірнеше рет айтқанмын. Солай бола тұра, қара аспанды төндіре беруге болмайды», – дейді Сұлтан Елемесов.
Экономист Қазақстанның шамамен 100 миллиард долларға жуық халықаралық резерві бар екенін еске салып отыр.
Бұл қаражат валютаға сұраныс күрт артқан жағдайда нарықты қамтамасыз етуге жетіп тұр және теңгенің тым қатты құлдырауына жол бермейді.
«Тоқаев? Биылғы жылдың ең басты саяси міндеті халықтың нақты табысын арттыру. Теңге қатты құлдырап кетсе, әлгі мақсаттың орындалуы мүмкін емес. Сондықтан, менің базалық сценарийім бойынша биылғы орташа бағам шамамен 550 теңге деңгейінде сақталады. 2025 жылдың соңындағы 510 теңге тым күшті курс болды. Қазіргі 550 теңгенің шынайы деңгейіне қайта оралуы деп есептеймін. Ал жыл соңында ең нашар жағдайда, қысқа уақытқа 600 теңгеге дейін әлсіреуі мүмкін. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды», – деп түсіндірді ол.
Доллар, жылжымайтын мүлік және теңгемен ашылған депозит арасында таңдау болса, сарапшы дәл қазір теңгелік депозит ең тиімді шешім деп санайды.
«Осы жылы теңгедегі депозит табыстырақ болады деп күтемін. Сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. Ақылмен әрекет етсек, дүрбелеңнің артынан жүгірмейміз», – дейді Сұлтан Елемесов.
Айта кетелік, бұған дейін белгілі қаржыгер Тимур Турлов осы сарында сөйлеген болатын. «Долларман ойнамай, депозитпен ұту әлдеқайда тиімдірек» деген болатын Freedom Holding иесі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

