Миллиардер Болат Өтемұратовтың бақылауындағы «Верный Капитал» компаниялар тобы өзінің портфельдік активі Beeline Қазақстан арқылы еліміздегі ең ірі онлайн-хабарландырулар алаңы саналатын «OLX Қазақстанның» 100 пайыздық үлесін толықтай сатып алды. Халықаралық OLX Group құрылымымен жасалған бұл ірі мәміленің құны 81 миллион АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
81 миллион доллар және 9 миллион қолданушы
Сатып алу рәсімі барлық мемлекеттік реттеуші органдардың мақұлдауынан өткеннен кейін ресми түрде мәресіне жетті. Бастапқыда тараптар 75 миллион доллар көлеміндегі соманы келіскенімен, келісімшартты аяқтау барысындағы нақты түзетулерді ескере отырып, түпкілікті сома 81 миллион долларға жеткен.
Сатып алынған платформа еліміздің цифрлық нарығындағы ең ауқымды алаң саналады. Ресми деректерге сүйенсек, OLX Қазақстандағы белсенді интернет-аудиторияның 52 пайыздан астамын қамтиды және оның қызметін ай сайын 9 миллионға жуық адам белсенді пайдаланады. Тұрмыстық тауарлар мен қызметтерден бастап, автокөлік, бос жұмыс орындары мен жылжымайтын мүлікті саудалауға арналған алып алаңның жылдық таза кірісі 28 миллион доллардан асады.
Инвестордың көзқарасы: цифрлық инфрақұрылымға салынған қаржы
Компания өкілдері аталған сатып алуды ұзақмерзімді инвестициялық стратегияның маңызды бөлігі деп атады. Жаңа қожайындар платформаның бұрыннан қалыптасқан қуатын сақтай отырып, оны байланыс операторының өзге де цифрлық шешімдерімен кіріктіруді көздейді.
«Верный Капитал» тобының негізгі инвесторы Болат Өтемұратов мәміленің стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, жобаның экономикадағы рөліне тоқталды.
«Біз үшін бұл жай ғана портфельді кеңейту емес, күнделікті цифрлық қызметтердің инфрақұрылымына инвестиция салу. Хабарландырулар платформалары пайдаланушыларды, шағын бизнес пен жергілікті нарықтарды өзара байланыстыру арқылы экономикада маңызды рөл атқарады. Біздің міндетіміз – осы активтің мықты тұстарын сақтай отырып, технологиялық мүмкіндігін арттыру және оның ауқымын барынша кеңейту», – деп атап өтті кәсіпкер Болат Өтемұратов.
Сонымен қатар Beeline-ның негізгі акционері VEON халықаралық холдингінің бас директоры Каан Терзиоглу бұл қадам компанияны дәстүрлі байланыс операторынан қаржы, сауда, медицина мен ойын-сауық салаларын қамтитын қуатты цифрлық операторға айналдыру жоспарына сай келетінін мәлімдеді.
Байланыс пен алып хабарландыру нарығының бірігуі
Бұл мәміле арқылы Beeline Қазақстан өзінің 11 миллионнан астам мобильді абоненті мен OLX-тің 9 миллион пайдаланушысын бір орталыққа тоғыстыруға мүмкіндік алды.
Енді телекоммуникациялық инфрақұрылым, мобильді қаржы сервистері және еліміздегі ең ірі электронды тауар айналымы біртұтас экожүйеге біріктіріледі. Бұл компанияға тұтынушылардың сұранысын жіті бақылап, нарықтағы өзге бәсекелестеріне қарағанда әлдеқайда ауқымды коммерциялық мүмкіндіктер ашады.
Ertenmedia ракурсы: Цифрлық монополия мен үлкен деректер қатері
Мәміленің сыртқы экономикалық жарқылының арғы жағында қоғам мен мемлекет үшін үлкен сауалдар туындайды. Болат Өтемұратовқа тиесілі қаржы-өнеркәсіптік топ бүгінде байланыс нарығын (Beeline), банк секторын (ForteBank), жылжымайтын мүлік пен сауда орталықтарын еркін бақылап отыр. Енді осы алып тізбекке елдегі ең үлкен хабарландыру монополиясы қосылды.
Ең басты қатер – дербес деректердің шоғырлануында. Тоғыз миллион қазақстандықтың жеке телефон нөмірлері, кімнің не сатып, не алып жатқаны, қандай жылжымайтын мүлік пен көлікке иелік ететіні, қандай қызмет іздейтіні туралы алып ақпарат тасқыны (Big Data) бір ғана қаржылық топтың уысына көшті. Байланыс операторының дерекқоры мен хабарландыру сайтының мәліметтері тоғысқан кезде, азаматтардың тұтынушылық құпиясы толықтай ашылып қалады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл мәмілеге рұқсат бергенде елдегі цифрлық монополия қаупін қаншалықты ескерді? Шағын бизнес пен қарапайым азаматтар енді тауар сату мен жарнама беру үшін жалғыз алпауыттың бекіткен тарифтері мен алгоритмдеріне амалсыз бағынуға мәжбүр болады. Бір ғана олигархиялық құрылымның қолына тұтас халықтың байланысы, банкі және сауда алаңының өтіп кетуі – елдегі әділ бәсекелестік пен ақпараттық қауіпсіздік үшін өте күмәнді әрі қауіпті үрдіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







