Кербұлақ ауданы үш жылдың ішінде әлеуметтік дамудың тың белесіне көтерілді. Осы уақыт ішінде аудан аумағында 34 әлеуметтік нысан ел игілігіне беріліп, ауылдың ажары ашылып, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы аудан жұртшылығымен кездескен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мәлім етті. Аймақ басшысының айтуынша, жаңа нысандардың жартысы, яғни 17-сі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында салынса, қалған 17-сі жергілікті бюджет қаржысына тұрғызылған.
«Бүкіл Жетісу облысында дәл осы бағдарлама аясында ең көп денсаулық сақтау нысандары Кербұлақ ауданында ашылды. Атап айтқанда, Басшы, Сарыбастау, Ақтөбе, Малайсары, Қызылжар, Шұбар, Қарағаш, Қарашоқы, Алтынемел ауылында заманауи дәрігерлік амбулаториялар бой көтерді. Бұдан бөлек, Жаңалық, Қоянкөз, Нұрым, Қарымсақ, Байғазы, Шаған ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттер, ал Беріктас пен Доланалыда жаңа медициналық пункттер салынды», – деп атап өтті облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Денсаулық саласымен қатар, мәдениет пен спорт та назардан тыс қалмаған. Осы уақыт аралығында екі бірдей мәдени және екі спорт нысаны пайдалануға берілді.
Білім саласында да жағымды өзгерістер бар
Қоғалы, Жаңалық, Беріктас, Басши, Алтынемел, Қаспан, Қарашоқы ауылындағы мектептер жөндеуден өтіп, жаңа тыныс алды.

Сарыөзек ауылында «Алацем» компаниясының қаржыландыруымен орталық саябақ салынып, ауылдың көркі кірді.
Қазір Көксай ауылында 60 орындық жаңа мектеп пен Сарыөзекте заманауи кітапхана ғимараты бой көтеріп жатыр.
Осы ретте ауданның дамуын ерекше қуанышпен атап өткен тұрғындар да баршылық. Сарыөзекте 30 жылдан астам тұратын Кәсирә Қуандықова:
«Соңғы жылдары ауылымыз ерекше көркейіп, жағдайымыз айтарлықтай жақсарды. Су мәселесі шешіліп, газ да келді. Бұрын басқа өңірге барып ем іздесек, қазір ауылда заманауи, жаңа емхана бар. Балаларым мен немерелерімді осында әкелемін, барлық жағдай жасалған. Ауылдағы әрбір өзгеріс біздің көз алдымызда. Осындай қамқорлық пен жайлы өмір үшін ризамын», – дейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

