Бас банкир Тимур Сүлейменов «теңге тағы құлдырап, доллар бағамы 1200-1500 теңгеге жетеді» деген әңгімеге нүкте қойды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айтуынша, Ұлттық банк 2015 жылдан бері валюта бағамын нарықтың еркіне берген. Сондықтан «девальвация болады» деп дабыралаудың өзі қисынсыз.
«Ұлттық банк те, Үкімет те доллардың бағамын өз қолымен көтеріп, не түсіре алмайды. Бұл бұрынғыдай қолдан басқарылатын үрдіс емес, нарықтағы теңгерімге байланысты. Қарапайым тілмен айтсақ, долларды сатып алушылар көбейгенде баға көтеріледі, экспорттаушылар валютасын нарыққа шығарғанда керісінше төмендейді. Біз бұған өте сирек жағдайда, ерекше ауытқу болғанда ғана интервенциямен араласамыз», – деді ол.
Сүлейменов сондай-ақ елдің валюта нарығына ықпал ету мүмкіндігі Ұлттық қордан жасалатын трансферттерді айырбастау немесе жекелеген операциялармен ғана шектелетінін жеткізді.
«Теңге гүрс етіп құлайды, 1200–1500-ге жетеді» деген болжамның аргументі әлсіз. Ұлттық банктің ең төтенше, ең пессимистік болжамында да мұндай сценарий жоқ. Мұны талқылаудың өзі құр бекер уақыт жоғалту. Әзіргі теңге бағамы ел экономикасының аяқ алысына толық сәйкес келеді», – деді бас банкир.
Ол мың құбылған ұлттық валютаның сыртқы соққыға тез бейімделуге мүмкіндік беретінін, теңгенің ұзақ мерзімде тұрақты болуы үшін ішкі экономиканың өзегі саналатын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамытудан басқа жол жоғын атап өтті.
«Егер біз өндірісті жолға қойып, ішкі нарықтың әлеуетін көтере алсақ, ұлттық валютамыз да сенімді бола түседі», – деп түйіндеді Сүлейменов.
Айта кетелік, бұған дейін қаржы сарапшысы Сұлтан Елемесов те осы сарында сөйлеген болатын. Пікірінше, кейбір сарапшылардың бас-көзі жоқ долбары онсыз да жүйкесі жұқарған халықты одан сайын діңкелетіп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

