Ұлттық қордан бала-шағаға аударылатын қаражат көлемі былтырғы деңгейде сақталмақ. Ақпанның 1-і күні әр балаға шамамен 100–130 доллар аралығында төлем түседі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бас банкир Тимур Сүлейменовтің айтуынша, нақты соманың көлемі демографиялық және көші-қон ахуалына қарай нақтыланады. Яғни, елде дүниеге келген балалармен қатар, Қазақстаннан көшіп кеткен немесе азаматтығын ауыстырған бала-шаға саны да есепке алынады.
Сүлейменов Ұлттық қордың табысы рекордтық көрсеткішке жеткенін де ерекше атап өтті.
«Ұлттық қорды басқарудан түскен табыс 8,7 млрд доллар. Инвестициялық кірістілік 15%-ды құрады. Екі көрсеткіш те бұрын-соңды болмаған рекорд. Осындай жоғары нәтиженің арқасында қордан қомақты трансферт жасалғанына қарамастан, Ұлттық қордың активтері өсе түсті», – деді ол.
Нақты сома мен төлем алатын балалардың саны туралы ресми ақпарат ақпанның 1-інде жарияланады.
Бұдан бөлек, қордан төленетін қаражатты бір отбасы ішінде аударуға рұқсат берілуі мүмкін. Сүлейменов мұндай идеяға қарсы емес екенін айтып отыр.
«Әңгіме бір үйдегі балалар арасында төлемді бөлісу жайында. Айталық 22 жастағы тұңғыш баланың пайдаланбаған қаражатын 18-ге енді толған інісі немесе қарындасына аударуға мүмкіндік берілсе, бұл отбасылық жинақты арттыруға септігін тигізуі мүмкін. Бектенов? Әрине, ойланатын тұсы бар. Әзірге идея деңгейінде ғана, сондықтан Үкіметпен бірлесіп талқылау керек», – деді ол.
Премьер Бектеновтің әлеуметтік-экономикалық блогы әлгі ұсынысқа не айтары әзірге белгісіз. Белгілісі, биыл теңге кейбір сарапшылар айтып жүргендей құзға құламайды. Бас банкир ұлттық валютаға күшті мотивация сыйлады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

