Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған Конституциялық комиссияның жұмысы ресми түрде басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұны мемлекетіміздің саяси дамуындағы маңызды қадамдардың бірі десек болады. Осыған байланысты бірнеше маңызды жайттарға назар аударуымыз қажет.
Біріншіден, Конституциялық комиссия жұмысының ашықтығы мен жариялылығы ерекше назарға алынды. Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жалғасы ретінде комиссия отырыстары Конституциялық соттың ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде тікелей трансляцияланады. Азаматтар барлық талқылауларды ешқандай сүзгісіз көріп, ашық түрде бақылауға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, комиссия қызметін жедел жариялау мақсатында «Конституциялық Реформа 2026» арнайы telegram-арнасы ашылды. Оның үстіне, комиссияға мүше сарапшылар мен қоғамдық қайраткерлер әлеуметтік желілерде белсенді түрде жұмыс істейді, сондықтан азаматтарымыз комиссияның жұмысы жайлы толық ақпарат алып, ұсыныстары мен пікірлерін еркін білдіре алады.
Комиссияның ашық отырыстары бір жағынан жалған ақпарат пен түрлі қауесеттердің таралуын азайтып, екінші жағынан халықтың мемлекетке деген сенімін арттыра түседі. Өйткені Конституция – бұл тек заңдық құжат қана емес, мемлекет пен халық арасындағы ең басты шарт. Сондықтан оны халықпен бірге талқылау, әр азаматтың пікірін ескеру – міндет.
Конституциялық комиссия құру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді демократиялық жаңғырту жолындағы маңызды әрі қисынды қадамы болып табылады. Бұған дейінгі 2022 жылғы конституциялық реформа Қазақстанның саяси жүйесін дамытуға негіз салған болатын. Сол арқылы Мемлекет басшысы қоғамның шынайы сұранысына жауап беретін саяси өзгерістердің бағытын айқындап берді.
Әртүрлі пікірлер – біртұтас ұлт
Қазіргі Конституциялық комиссияның құрамына келсек, онда 120-дан астам адам бар. Бұл – еліміздің барлық саласын қамтитын нағыз кәсіби мамандар, сарапшылар мен қоғамдық көшбасшылар. Комиссияға Парламент депутаттары, белгілі заңгерлер, экономистер мен саясаттанушылар, ірі бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен медиасала қызметкерлері, ғалымдар мен зиялы қауым, құқық қорғаушылар және аймақтардағы беделді азаматтар кірген. Мұның өзі комиссия жұмысының қоғам үшін толық ашық, өкілді және нәтижелі болатынын көрсетеді.
Комиссияны басқару міндеті Конституциялық сот төрағасына жүктелді. Бұл да тегін емес. Мемлекет басшысы еліміздің құқықтық негіздерін нығайтуға шынайы мүдделі екенін және бұл мәселенің маңыздылығын тағы да нақтылап көрсетті.
Сондай-ақ, комиссияның құрамы идеологиялық тұрғыдан өте байыппен жасақталған. «Әртүрлі пікірлер – біртұтас ұлт» қағидатына сәйкес, комиссияға түрлі ұлттардың, әр жастағы азаматтардың, әртүрлі саяси көзқарастағы тұлғалардың тартылғанын көреміз. Олардың барлығын еліміздің болашағы үшін бірлесіп жұмыс істеуге деген ортақ мақсат біріктіріп отыр.
Қорыта айтқанда, Конституциялық комиссияның жұмысын ашық әрі жария түрде өткізу – опция емес, қажеттілік. Бұл тәсіл халықтың болашақ конституциялық өзгерістерді саналы түрде қабылдауына ықпал етеді, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтады және елдегі саяси тұрақтылықты арттырады.
Осы маңызды жұмыстың нәтижесінде, Әділетті Қазақстан құру бағытындағы конституциялық өзгерістер халқымыздың тікелей қатысуымен жүзеге асырылатын болады. Мұндай ашық әрі әділетті процесс елімізді шынайы демократиялық жолға бағыттайтыны анық.
Айтпақшы, Ерлан Қарин бір палаталы Құрылтайдың құзыреті туралы маңызды ұсыныстарды ортаға салып, ойын ортаға тастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

