Қазақстанда отандық өндірістегі Hyundai көліктерінің қатары көбейіп, сонымен бірге жергілікті бөлшектердің үлесі де артып келеді. Компания бұл жағдай бағаға қалай әсер етуі мүмкін екенін, елімізде қандай бөлшектер жасалып жатқанын және кроссоверлердің седандарды не себепті ығыстырып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақстанда Hyundai үшін қандай бөлшектер шығарылады?
Hyundai автокөліктері Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында құрастырылады. Аталған кәсіпорын Astana Motors құрамына кіреді.
Қазіргі таңда бұл зауытта Hyundai-дың сегіз моделі шығарылады. Оның ішінде Tucson және Santa Fe шанақтарын дәнекерлеу және бояу технологиясымен толық циклде өндіріледі.
Сонымен бірге жергілікті қосалқы бөлшектердің де көлемі өсуде. Елімізде көліктерге арналған мультимедиялық жүйелер, жылыту, желдету және ауаны баптау жүйелері, еден төсеніштері мен орындықтар шығарылып жатыр.
Болашақта бұл тізімді одан әрі кеңейту жоспарланған. Алдағы уақытта оған сымдар байламы, дыбыс басқыштар (глушительдер), тежегіш және жанармай түтіктері, сондай-ақ алюминий дискілері қосылады.
Алайда отандық бөлшек бірден көлікке орнатылмайды. Әрбір құрамдас бөлік алдымен сапа тексерісінен өтіп, Hyundai Motor Company мақұлдауын алады.
Hyundai көліктері арзандай ма?
Өндірісті жергіліктендіру белгілі бір шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, бөлшектер мен көліктердің зауытқа дейінгі логистикалық жолы қысқарып, кәсіпорынға өндіріс көлемін жоспарлау әлдеқайда жеңілдей түседі.
Дегенмен, көліктің түпкі бағасы тек осыған ғана байланысты емес. Бағаға валюта бағамы, импорттық құрамдас бөліктердің, шикізат пен жабдықтардың құны, халықаралық логистика, салықтар және қауіпсіздік талаптары тікелей әсер етеді.
«Локализация сыртқы факторлардың өзіндік құнға әсерін ішінара өтеуге және сол арқылы баға қысымын тежеп тұруға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді Hyundai өкілдері.
Сондай-ақ компания отандық бөлшектердің үлесін арттыру шығындарды жақсырақ бақылауға және шетелдік жеткізілімдерге деген тәуелділікті азайтуға көмектеседі деп есептейді.
Hyundai 50 мыңнан астам автокөлік сатты
Осы қарқын аясында брендтің Қазақстандағы сұранысы жоғары деңгейде қалып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Hyundai 50 868 автокөлік сатқан, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,4%-ға артық.
Компания бұл нәтижені кең модельдік қатармен, тиімді бағамен, дамыған дилерлік желімен және брендтің танымалдылығымен байланыстырады.
Сонымен қатар, сатып алушылардың талғамы да өзгерген. Қазір тұтынушылар тек көліктің жалпы бағасына ғана емес, ай сайынғы төлем мөлшеріне, қаржыландыру талаптарына, кепілдікке, қызмет көрсету құнына және қосалқы бөлшектердің қолжетімділігіне баса мән береді. Оған қоса, түрлі маркалардың ұсыныстарын алдын ала салыстырады.
«Бүгінде тек жақсы көлік ұсыну жеткіліксіз — ашық бағаны, ыңғайлы қаржыландыруды, сапалы сервисті және көлікті пайдаланудың барлық кезеңінде жағымды тәжірибені қамтамасыз ету маңызды», — деп атап өтті компания.
Қазақстандықтар неліктен кроссоверлерді көбірек таңдайды?
Нарықтағы тағы бір байқалатын тренд — кроссоверлерге деген қызығушылықтың артуы. Сатып алушылар үшін кең салон, жоғары клиренс және әмбебаптық аса маңызды. Мұндай көліктер қала ішінде де, қалааралық ұзақ сапарларда да өте ыңғайлы.
Әсіресе ықшам және орташа өлшемді кроссоверлерге сұраныс жоғары. Соның бірі — 2025 жылдың қаңтарында елімізге келген Hyundai Mufasa моделі. Ол 2025 жылдың қаңтары мен 2026 жылдың тамызы аралығындағы сатылымдар бойынша ең көп сатылған үздік 4 модельдің қатарына кірді.
Hyundai-дың ішкі сатылым құрылымы да өзгеруде. 2025 жылдың алғашқы сегіз айында сатылған көліктердің 24%-ы седандарға тиесілі болса, 2026 жылдың сәйкес кезеңінде олардың үлесі 18%-ға дейін төмендеген.
«Бұл седандарға сұраныс мүлдем жойылды дегенді білдірмейді — олардың өзіндік тұрақты аудиториясы бар. Дегенмен кроссоверлердің үлесі күннен күнге артып келеді», — деп хабарлады өндіруші тарап.
Осыған байланысты Hyundai қос бағытты да қатар дамыта бермек. 2027 жылы компания Elantra мен Tucson модельдерінің жаңа буынын ұсынуды жоспарлап отыр.
Бұл жағдай көлік иелеріне не береді?
Қарапайым жүргізушілер үшін отандық өндірістің дамуы ең алдымен логистикалық тізбектің қысқаруын және қазақстандық құрастырылымдағы көліктердің қолжетімді бола түсуін білдіреді.
Жергілікті бөлшектердің үлесі ұлғайған сайын, өндіруші шығындарды жақсырақ қадағалап, сыртқы импортқа тәуелділікті барынша азайта алады.
Алайда бұл баға автоматты түрде күрт төмендейді деген сөз емес. Локализацияның басты артықшылығы — сыртқы факторлар бағаға қатты қысым жасап жатқан кезеңде көліктің өзіндік құнын тұрақты ұстап тұруға және жеткізілімдердің үзілмеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беруінде.
Компания алдағы уақытта да сапа, қауіпсіздік және сенімділік талаптарын қатаң сақтай отырып, отандық өндірістегі көліктердің халыққа қолжетімділігін арттыруды көздейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







