Алматыда өзін Қорғаныс министрлігінің қызметкерімін деп таныстырып, көшедегі адамдарды тексерген белгісіз азаматқа қатысты тексеру жүріп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқиға 21 қаңтарда Алматыдағы «Москва» сауда үйінің маңында болған. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушысы Threads платформасында хабарлады. Оның айтуынша, белгісіз ер адам бейдж тағып, еш түсіндірместен көшедегі адамдарға «Қайда тіркелгенсіз?» деп сұрақ қойған.
Автордың «Сіз кім боласыз?» деген сұрағына нақты жауап бермеген әлгі адам, олардың «іздеуде болуы мүмкін екенін», «СВО-ға немесе Украинаға қатысы бар-жоғын» тексеріп жүргенін айтып, өзін әскери комиссариаттың өкілі ретінде таныстырған.
Жастар телефондарына видео түсіре бастағанда, ол құрылғыны тартып алмақ болған. Олар бірден жақын маңдағы дәмханаға кіріп, полицияға хабар берген.
ҚР Қорғаныс министрлігі аталған азаматтың министрлікке ешқандай қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.
«Қазір министрлік пен тиісті құзырлы органдар бірлесіп оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша материалдар ішкі істер органдарына жолданып, заңға сәйкес шаралар қабылданады», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Айтқандай, заңгер Жангелді Сүлейманов Салық кодексін жетілдіру бойынша ұсыныстардың бюрократияға ұшырап, Президент тапсырмасы орындалмай отырғанын ашық айтып дабыл қақты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

