Үкімет алдағы коммуналдық қызмет саласын толық цифрландырып, ақылды есептеуіштерге көшуді жоспарлап отыр. Заманауи құрылғы қызмет ақысын нақты пайдаланған мөлшерге сай төлеуге мүмкіндік береді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
КТК-ның дерегінше смарт-жүйенің артықшылығын Астана тұрғындары сезіне бастаған. Қазір елордадағы орталық сумен қамту желісіне қосылған абоненттердің 40 пайызы осындай ақылды құрылғылармен қамтылған. Олар су көрсеткішін автоматты түрде қашықтан жібереді.
Енді тұрғындар есептеуіш көрсеткіштерін телефонмен немесе мессенджер арқылы жіберуге мәжбүр емес.
«Астана су арнасының» автоматтандырылған жүйелер бөлімінің басшысы Рәшит Маитдиновтың айтуынша, қала бойынша қойылған сенсорлар су қысымы мен шығынын тұрақты онлайн-режимде бақылайды. Деректер автоматты түрде бірыңғай орталыққа түседі.
«Автоматты түрде су қысымын реттеу жүйесі іске қосылған. Осының арқасында адам араласпай-ақ, қажет қысым орнатылады. Негізгі мақсат электр қуатын үнемдеу. Өйткені су арналарының шығынының шамамен 10%-ы осы электр энергиясына тиесілі. Шығын азайса, тарифті де төмендетуге мүмкіндік бар. Екіншіден, бұл суды да үнемдеуге мүмкіндік береді», – дейді маман.
Астана сумен қамту мекемесінің мәліметіне сәйкес, ақылды жүйенің арқасында таңертеңгі қарбалас уақытта қала тұрғындарының бір адамға су тұтынуы 20 литрден жеті литрге дейін төмендеген.
Алматы ше, Шымкент қайда қалды?
Қазір ақылды жүйе ішінара Алматы, Шымкент және Талдықорған қаласында да қолданылады. Алдағы үш жылда ел аумағында үш жарым миллионға жуық смарт-есептеуіш орнатылмақ. 2026 жылы Жетісу облысында, Петропавл, Ақтөбе, Шахтинск және Қосшы қалаларында жаңа жүйенің пилоттық жобасы іске қосылмақ.
«Қазақстандық ТКШ-ны жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ департамент директоры Әлібек Зәрубектің айтуынша, жоба іске қосылғаннан кейін барлық төлемдер тек нақты тұтынылған көлемге сай жүргізіледі.
«Енді норматив бойынша немесе орташа тарифпен есеп айырысу болмайды. Әр абонент өзі пайдаланған қызметіне ғана төлем жасайды», – деді ол.
Осы жылдың күзінде қазақтар өз пәтеріндегі есептеуіштердің көрсеткішін бір ғана цифрлық платформа Smart Turmys жүйесі арқылы бақылай алады.
Айта кетелік, президент Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында тарифтердің тұтыну көлеміне қарай әділ белгіленуі тиіс екенін қадап айтқан еді. Яғни, кім көбірек тұтынса, сол көбірек төлейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

