Қазақстан болашақ атом электр станцияларын ондаған жыл бойы отынмен қамтамасыз ету үшін уранның стратегиялық қорын қалыптастыруды жоспарлауда. Бұл үшін алдымен 2040 жылға дейін 100 мың, 2050 жылы 150 мың тонна уран қоры резервке жинақталуы керек. Осы ретте Ertenmedia.kz тілшілері Тау-кен саласының сарапшысы Телман Шуриевпен атом энергетикасының болашағы, уран қорын сақтау және елдің энергетикалық қауіпсіздігі туралы сұхбаттасқан еді. Енді соған назар аударсаңыздар.
– Телман мырза, Қазақстанда атом электр станцияларын салу жұмысы қарқын алып келеді. Еліміздің уран қоры болашақ АЭС-тердің ұзақ мерзімді қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті ме?
– Қазақстан табиғи уран өндіруден әлемде көш бастап тұр. Елімізде жыл сайын шамамен 27 мың тонна уран өндіріледі. Барланған қорымыз бір миллион тоннаға жуық болғанымен, оны шексіз ресурс деп қарауға болмайды.
Қазіргі өндіріс қарқыны сақталса, қолда бар қор шамамен 60 жылға жетуі мүмкін деген бағалау бар. Ал атом электр станциялары тиісті жаңғыртудан өтіп, бірнеше буынға қызмет ететіні белгілі. Сондықтан станция салумен қатар, оның бүкіл пайдалану мерзіміне жететін отын базасын қалыптастыруымыз қажет. Меніңше, уранның стратегиялық қорын қалыптастыру энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ететін маңызды шешім.
– Елде 2040 жылға қарай 100 мың тонна уран жинақтау жоспарланып отыр. Осындай ауқымды резервті қалыптастырудың экономикалық маңызы қандай?
– Атом электр станциясын салуға шамамен 15 миллиард доллар жұмсалуы мүмкін. Осындай қымбат инфрақұрылымды тұрғызып алып, кейін отын тапшылығына ұрыну үлкен тәуекел болар еді.
Сондықтан шикізат қоры құрылыс басталған кезеңнен бастап есептелуі тиіс. Стратегиялық резерв әлемдік нарықтағы баға құбылуына тәуелділікті азайтады. Сонымен бірге Қазақстанның экспорттық міндеттемесін орындауына және ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.
Мұнда барлық өндірілген уранды сақтап қою міндет емес, белгілі бір көлемін алдын ала резервке бөлу көзделген. Ең бастысы, экспорттан түсетін табыс пен болашақ энергетиканың мүддесі арасында дұрыс тепе-теңдік қалыптастыру қажет.
– Стратегиялық қордың бір бөлігі жер қойнауында сақталуы мүмкін екені айтылды. Уранды жер астында қалдыру мен дайын отын ретінде жинақтаудың қандай айырмашылығы бар?
– Екі тәсілдің экономикалық және технологиялық ерекшелігі бар. Уранды жер қойнауында сақтау дегеніміз оның белгілі бір бөлігін өндіруге шығармай, стратегиялық ресурс ретінде резервке бекіту.
Мұндай әдіс сақтау инфрақұрылымына жұмсалатын шығынды азайтуы мүмкін. Ал жер бетінде сақталатын қор уран концентраты, төмен байытылған уран немесе дайын ядролық отын түрінде қалыптастырылуы ықтимал.
Ал дайын отынның артықшылығы қажет кезде станцияны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бірақ оны дайындау, сақтау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету қосымша технология мен қаржыны талап етеді. Сондықтан Қазақстанға бірнеше сақтау тәсілін біріктіретін икемді жүйе қажет деп есептеймін.
– Қазақстан әлемдік уран нарығындағы жетекші орнын сақтап келеді. Болашақта ішкі тұтыну көбейген жағдайда экспорт көлеміне қауіп төнбей ме?
– Мұндай тәуекелді қазірден есептеуіміз керек. Қазақстан әлемдік уран өндірісінің елеулі бөлігін қамтамасыз ететін мемлекет болғандықтан, халықаралық келісімшарттар алдындағы жауапкершілігі жоғары. Алайда болашақ АЭС-тердің отынға сұранысы да ұлттық басымдыққа айналады.
Сондықтан өндіру көлемін, барланған қорды және ішкі тұтыну болжамын бір жүйеге түсіру қажет. Геологиялық барлау жұмысын күшейтіп, жаңа кен орындарын анықтау да маңызды міндет болып қала береді. Сонымен қатар ядролық отынды қайта пайдалану мен отын тиімділігін арттыратын технологиялар алдағы уақытта шикізат шығынын қысқартуы мүмкін.
Егер Үкімет дұрыс жоспар жасаса, Қазақстан экспорттық әлеуетін жоғалтпай, өзінің атом энергетикасын да тұрақты қамтамасыз ете алады.
– Жасанды интеллект пен өнеркәсіп дамыған сайын электр энергиясына сұраныс артып келеді. Уранның стратегиялық қоры Қазақстан экономикасының болашағына қалай әсер етеді?
– Алдағы онжылдықтарда электр энергиясы экономикалық бәсекенің негізгі ресурсына айналады. Жасанды интеллект, деректер орталығы, цифрлық инфрақұрылым және автоматтандырылған өндіріс тұрақты қуат көзін талап етеді.
Атом энергетикасы осы қажеттіліктің белгілі бір бөлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бірақ станцияның тиімділігі оның отынмен үздіксіз жабдықталуына тікелей байланысты. Сондықтан стратегиялық уран қоры электр энергиясының ұзақ мерзімді қауіпсіздігіне салынған инвестиция ретінде қарастырылуы керек.
Қазақстан шикізатты сыртқа сатумен шектелмей, оны жоғары технологиялық энергетика мен өнеркәсіптің дамуына пайдалануы тиіс. Сонда еліміздің табиғи байлығы бүгінгі табыспен қатар, келешек ұрпақтың экономикалық тұрақтылығына да қызмет етеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







