2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер жеке тұлғаның аударымы туралы мәліметті Мемкірістер комитетіне (МКК) тұрақты жолдай бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Банктер қаңтар-наурыз айындағы мобильді аударымдар туралы деректі 15 сәуірге дейін толық ұсынады. Осы негізде МКК кәсіпкерлік қызметке ұқсас әрекет байқалған азаматтарға арнайы хабарлама жібереді.
Салық органдары мобильді аударымдарды 3 негізгі талап бойынша тексереді:
- Аударым үш ай қатарынан келуі тиіс (мысалы, қаңтар, ақпан, наурыз);
- Кемінде 100 түрлі адамнан түсуі керек;
- Осы кезеңдегі аударымдардың жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асуы қажет.
МКК туыстар мен таныстар арасындағы аударымдарды тұрақты болса да тексермейді.
Егер азамат комитет жолдаған ескертумен келіспесе, өз ұстанымын дәлелдеп, жағдайды түсіндіре алады. Ал хабарламадағы талапты бұзғанын мойындаса, отыз күн ішінде оны жоюы қажет.
Айта кетелік, бұған дейін Ertenmedia-ға пікір білдірген Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов шара қарапайым халыққа қысым көрсетуді көздемейтінін айтқан.
«Мақсатымыз көлеңкелі кәсіпті анықтап, бюджетке салық төлемей отырғандарды жауапқа тарту. Бақылау қарапайым азаматтардың күнделікті тұрмыстық төлеміне қатысты емес. Анасы қызына, әкесі ұлына немесе ағайын-туыс арасында ақша аударса, ешкім түсініктеме талап етпейді», — деген еді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

