Түркістан қаласындағы «Конгресс-холл» кешенінде Қазақстандағы Қоғамдық кеңестердің 10 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, Қоғамдық кеңес мүшелері мен ардагерлерін мерейтоймен құттықтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Баршаңызды Қоғамдық кеңестер институтының құрылғанына 10 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Азаматтық қоғам дамуының айқын белгісі, мемлекет пен халық арасындағы ашық әрі сенімді диалогтың нәтижесі. Қоғамдық кеңестер бүгінде мемлекеттік органдардың ашықтығы мен халық алдындағы есептілігін қамтамасыз ететін маңызды алаңға айналды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда Қоғамдық кеңестердің рөлі ерекше. Жақында Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында ел өміріне қатысты маңызды әрі тарихи шешімдер қабылданды. Мемлекеттің саяси жүйесінде жаңа өзгерістер басталды. Осы бағыттағы маңызды міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды.
Оған біздің облысымыздан да білікті мамандар қатысуда. Бұл – жергілікті азаматтық қоғамның жоғары деңгейдегі сенімге ие екенінің айқын дәлелі. Қоғамдық кеңестер алдағы уақытта да әділетті қоғам құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, халық пен билік арасындағы ашықтық пен сенімді нығайту жолында аянбай еңбек ете береді деп сенемін. Осы айтулы күні баршаңызға мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, ел игілігі үшін жасап жатқан қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін! – деді облыс басшысы.
Шара барысында облыс әкімі қоғамдық кеңестердің белсенді мүшелерін арнайы марапаттап, алғыс білдірді.
Сондай-ақ, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Байділдә Жылқышиев, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы Алмас Салимов және Түркістан облысының Құрметті азаматы Шәріпбек Жамалбеков та құттықтау сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, өңір өнерпаздары халық әндері мен отандық және шетелдік композиторлардың танымал туындыларын орындады.
Айта кетсек, бүгінде Түркістан облысында 18 Қоғамдық кеңес өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге өз үлестерін қосуда. 2025 жылдың өзінде Қоғамдық кеңестерде 226 отырыс және 107 қоғамдық тыңдау өткізіліп, маңызды шешімдер қабылданған. Жыл ішінде мемлекеттік органдар басшыларының 270 есебі тыңдалып, өзекті мәселелер бойынша 258 қоғамдық мониторинг жүргізілген.
Наурызда ел азаматтарын ұзақ демалыстар күтіп тұр. Бұл айдың ерекшелігі мереке күндері демалыспен ұштасып, жұмыс апталарын қысқарталады. Толық ақпарат осында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

