Жетісу облысында туризм саласын дамыту мақсатында кешенді шаралар қолға алынып, әсіресе Балқаш көлінің туристік әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы өңір басшысы Бейбіт Исабаев Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлімдеді.
Өңірде туризмді дамытудың 5 негізгі бағыты айқындалған, соның бірі – Балқаш көлі жағалауының туристік инфрақұрылымын жақсарту. Қазірдің өзінде аталған бағыт бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған.
– 2025 жылғы жазғы маусымға дейін Балқаш көліне дейінгі автокөлік жолдары толық ретке келтіріліп, қатынас толықтай қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, биыл Лепсі станциясындағы жаңа теміржол вокзалының құрылысы аяқталады.
Өткен жылы Лепсі ауылынан көл жағалауына дейін электр және ауыз су желілері тартылды. Қазір жағалаудағы инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы 90%-ға аяқталды. Жобаны толық бітіру үшін биыл жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, жаз маусымына дейін көл жағалауында 2 коммуналдық жағажай пайдалануға беріледі, – деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.
Балқаш жағалауының тазалығын сақтау және күтімін жақсарту мақсатында өңірде «Балқаш Тазалық» коммуналдық кәсіпорны құрылып, жергілікті бюджет есебінен арнайы 21 техника сатып алынды. Сонымен қатар, суда жүзу құралдарының қозғалысы мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жалпы су пайдаланудың арнайы қағидалары бекітілді.
Балқаш көлінің жағалауын кешенді әрі тиімді дамыту үшін Бас жоспар мен жағалау аймағын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленген. Аталған стратегиялық құжаттар негізінде өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жағалаудағы инженерлік инфрақұрылым толық аяқталғаннан кейін, облыс әкімдігі заманауи туристік және демалыс аймақтарын құру үшін инвесторларды тартуды жоспарлап отыр.
Айтқандай, Жетісу облысында Мемлекет басшысының Алакөл жағалауының инфрақұрылымы мен қызмет сапасын жақсарту тапсырмасына сәйкес нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

