Әрбір азаматтың құқықтық санасы мен мәдениеті – мемлекеттің іргетасы екенін ескерсек, Алматы қаласында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның маңыздылығы айқындала түседі.
№163 мектеп-лицейінде ұйымдастырылған «Заманауи мектеп оқушысы: заң мен тәртіп» атты конференцияның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заң мен тәртіптің озық тәжірибелерін насихаттау еді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараны ашқан мектеп-лицей директоры Индира Сатыбалдықызы конференцияның жастардың бойында құқықтық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталды.
Конференцияның пленарлық отырысында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Гүлмира Саудабаева қазіргі мектептердегі құқықтық тәрбиенің маңызы мен «Адал азамат» бағдарламасының қоғамдағы орны туралы терең талдау жасап өтті.

Жиынның практикалық бөлімінде өткізілген дөңгелек үстелде құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау және жастардың құқықтық мәдениетін арттыру жолдары кеңінен талқыланды.
Осы тұста Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Алматы академиясының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Дина Садуақасова:
– Құқықтық тәрбиенің басты мақсаты – заңнан қорқатын емес, заңды құрметтейтін тұлға қалыптастыру. Бұл мақсатқа жету үшін мектеп, отбасы және құқық қорғау органдары бірлескен жұмыс атқаруы қажет, – деп өз пікірін білдірді.
Оған жауап ретінде мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Диляра Избасқанова:
– Расында да, құқықтық тәрбиенің тиімділігі отбасы, мектеп және қоғам арасындағы ынтымақтастыққа тікелей байланысты. «Адал азамат» бағдарламасының мәні де – осы бірлікте. Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруда біз бұл бағдарламаның әлеуетін толық пайдалануға тиіспіз, – деп толықтырды.
Сонымен қатар конференцияға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің студенті Мейрамбек Базыл қатысып, өзінің құқық саласындағы оқу тәжірибелерімен бөлісті.
Конференцияның тәжірибелік кезеңінде мектептің оқу кабинеттерінде ашық сабақтар ұйымдастырылып, оқушылардың заң нормаларын түсінуі мен сыни ойлау қабілеттері шыңдалды.

Жиын соңында ата-аналар атынан сөз алған Санжар Құрманғалиев баланың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда отбасылық тәрбиенің орны ерекше екенін атап өтті.
– Бала тәрбиесінде мектеп пен ата-ананың бірлескен жұмысы аса маңызды. Әрбір ата-ана өз баласының заңды құрметтейтін, саналы азамат болып өсуіне үлес қосуы тиіс, – деді ол.
Конференция соңында оқушылардың өнер көрсетілімдері көпшіліктің көңілінен шығып, іс-шараның тәрбиелік әрі мәдени мазмұнын тереңдете түсті.
№163 мектеп-лицей директоры Индира Абдикашева іс-шараға белсенді қатысқан педагогтерге, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және оқушыларға алғыс білдіріп, сертификаттар табыстады.
Жанерке Қазтай
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

