Белгілі экономист Олжас Құдайбергенов Сюцай ұйымының өкілдері арасында үлкен дүрбелең басталғанын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Олжас Құдайбергенов өзіне көптеген адамдар сюцайшылардың чаттарынан скриндер жіберіп, Zoom арқылы өтетін жиындарына кейбір қатысушыларды кіргізбей, өз клиенттеріне күдікпен қарай бастағанын алға тартты.
– Олардың бәрі мазасыз күйге түскен. Сол себепті маған қарсы жалған ақпараттық шабуыл ұйымдастыруға тапсырыс берген. Енді сіздер мұндай шабуылдар үшін ақша төленетінін, онда адамдарға деген ешбір қамқорлық жоқ екенін білесіздер, – деді Олжас Құдайбергенов.
Ол сондай-ақ, бұл шабуылдардың өзіне ешқандай әсер етпейтінін және заң тұрғысынан жүргізіліп жатқан жұмыстың жалғасатынын айтты. Ол өзіне қолдау білдіріп, түрлі ақпараттарды жіберіп жатқан оқырмандарына алғысын білдірді.
– Мені мазалайтын басқа мәселе бар, – дейді экономист. – Жақында маған Дархан Тайжанов деген адам жазды. Жасы 35-те, бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясында оқыған екен. Комитетте жұмыс істеді ме, жоқ па, білмеймін. Бірақ қазір онда жұмыс істемейтін шығар. Оған енді ол жақтың есігі мәңгіге жабылған шығар деген үміттемін. Мұндай адамның әрекеті күштік құрылымдардың арасында сюцайшыларға жанашыр адамдар бар дегенді білдірмейді деп сенемін.
Сонымен қатар Олжас Құдайбергенов Әсет Камзинге қатысты да сауал тастады. Әсет Камзин басшысы Гүлмира Жампиисова болып табылатын «Zhanat» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы екен. Ал Гүлмира Жампиисова Syucai Training Institute филиалының жетекшісі.
– Ең қызығы, – деп жалғастырды Құдайбергенов, – сол Әсет Камзин бір уақытта «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» директорының орынбасары болып қызмет атқарады екен. Сонда Әсет бұл қоғамдық бірлестіктің құрылтайшысы ретінде кездейсоқ қосылды ма, әлде ол сюцайшыларға іштей жанашырлық танытып, жасырын түрде көмектесіп жүр ме деген сұрақ туындайды.
Экономистің айтуынша, сюцайшылардың бәрі Жанатқа «Ұстаз» деп жүгінетін болса керек.
Қазіргі уақытта бұл мәселе қоғамда қызу талқыға түскен. Сюцай ұйымының заңға қайшы әрекеттерін ашып көрсетіп жүрген экономист бұл бағыттағы күресін жалғастыра беретінін жеткізді.
Осыған дейін экономист Олжас Құдайбергеновтің өз азаматтарымыз жасаған такси қосымшаларын пайдалануға кеңес бергенін жазған болатынбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

