СҚО мәслихатының төрағасы Владимир Бубенко Конституциялық комиссияның отырысында Халық кеңесі туралы ойын ашып айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, Халық кеңесі қоғам мен билік арасындағы диалогты жүйелі түрде дамытуға бағытталған жаңа құрылым.
– Халық кеңесінің заң шығаруға бастама жасауға және республикалық референдум өткізуге ұсыныс беру құқығы болады. Оның мәртебесі мен өкілеттігін Конституция деңгейінде бекіту ұсынылып отыр. Бұл оны мемлекеттік билік жүйесінің маңызды бір бөлігіне айналдырады, – деді ол.
Сондай-ақ Владимир Бубенко Халық кеңесін құру конституциялық реформаның негізгі қағидаттарымен толық сәйкес келетінін жеткізді.
Оның ойынша, табиғатты қорғау мәселесін Конституция деңгейінде бекіту экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады.
– Экологиялық жауапкершілік қоғамның ұзақмерзімді мүдделерін қорғайтын маңызды мәселе, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, спикер Халық кеңесі Қазақстан халқы ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, ішкі саясат пен мемлекеттік идеология бойынша міндеттерін өз мойнына алатынын жеткізді.
– Халық кеңесі қоғамның сенім институтына айналады. Ол азаматтар мен мемлекет арасындағы кері байланысты нығайтып, әлеуметтік және этникалық топтардың мүдделерін үйлестіреді. Егер Конституция жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданса, Халық кеңесі Қазақстандағы әрбір азаматтың пікірі мен ұсынысы ескерілетін ерекше алаңға айналады, – деді Владимир Бубенко.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

